Ақтөбеде дәмханада болған жарылыстан екі адам зардап шекті. Олар жедел жәрдеммен қалалық көпсалалы ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер: «Жарақат алғандардың жағдайы тұрақты, өміріне қауіп жоқ», - дейді.
19 жастағы жігіт жансақтау бөлімінде ем алып жатыр. Ал 36 жастағы әйел адам жарақат бөліміне жатқызылды. Алтын Орда шағынауданындағы дәмханалардың бірінде жарылыс болған еді. Салдарынан көпқабатты үйге жапсарлас салынған ғимарат опырылып түскен. Кейін өрт шыққан. Қазір осы оқыс оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды.
Данарбек Иманғазин, қалалық ТЖБ бастығы:
– Сотқа дейінгі тергеу аясында бірқатар сараптамалар тағайындалады. Нақты себебі содан кейін белгілі болады. Бұл жерде газ баллоны жоқ. Табиғи газды тұтынған. Шамасы газ жиналып қалған болуы мүмкін.
Төтенше жағдайлар департаменті мамандары: «Жарылыс жабық тұрған ғимарат ішіне табиғи газдың жиналып қалуынан болуы мүмкін», - дейді. Нақты себебі тергеу амалдары аяқталған соң белгілі болады. Оқиға орнынан ауруханаға екі адам жеткізілді. Біреуі 19 жастағы бозбала, екіншісі 36 жастағы әйел.
Қадырбек Иманбаев, №1 қалалық көпсалалы ауруханасының бас дәрігері:
– Екі науқастың да қазіргі таңда өмірлеріне қауіп жоқ. Бір науқас амбулаториялық емге жіберілді. Тексеріліп болған соң бақылаудан бас тартты. Екінші науқастың жағдайы тұрақты. Барлық керекті медициналық тексерулер, қажетті медициналық көмектер жүргізілуде.