Алматыда өрттен зардап шеккен жеңіл атлетика манежі қалпына келтіріледі. Ал 352 спортшы уақытша басқа жерде жаттығады. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады. Еске салсақ, кеше нөмірі екінші мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер олимпиадалық резерв мектебінің жеңіл атлетика манежінде өрт шыққан. Оқиға орнында жедел штаб құрылып, құтқарушылар тілсіз жауды ауыздықтады. Абырой болғанда жалын көрші нысандарға жетпей, сөндірілді. Кешеннің 1 мың 100 шаршы метр аумағы жанып кетті. Зардап шеккендер жоқ. Бұл ғимаратта шаһардағы ең көне спорт мекемелерінің бірі орналасқан еді. Қазір өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Жауапты мамандардың айтуынша, спортшылардың дайындық жаттығулары кестеге сай жүргізіледі. Оларды басқа жаттығу орындарына тасымалдау үшін арнайы автобустар бөлінді.