Алматы облысы, Жамбыл ауданының тұрғындары соңғы екі жылда ауданда 500 бас жылқы ұрланғанын айтып, дабыл қақты. Жоғалған малының ноқтасын ұстап қалған шаруалар ұрлықтың өршуіне байланысты полиция мен прокуратураға шағымын айтты. Мал ұрлығы әсіресе шалғай ауылдарда жиілеп кеткен.
Жамбыл мен Еңбекшіқазақ ауданында түн қатып, барымтаға шығуды кәсіп еткен екі қылмыстық топ ұсталды. Әрқайсысының құрамында кемі 4-5 адамнан болған. Мал шаруашылығымен айналысатын қожалық басшылары ұры-қарының бұдан әлдеқайда көп екенін айтып отыр. Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарына мал ұрлығына қатысы бар қылмыскерлерге аяушылық жасамай, оларды қатаң жазалауды тапсырған болатын. «Мал көбіне өрістен жоғалады, алдағы уақытта мұндай қылмыстардың ізін суытпай ашуға барынша тырысамыз», – деді Жамбыл аудандық полиция өкілдері.
Төленді Оспан, Қызыләскер ауылының тұрғыны:
– Ұрлық Жамбыл ауданында өршіп тұр. Ол мүмкін 500-ден асып кетер, мүмкін төмен болар. Бірақ менің есігімнің алдынан 10 бас жылқы кетіп отыр. Үш құлынды бие, екі байтал, бір ту бие, бір айғыр. Ал полицияның жұмысына менің өзімнің көңілім толмайды.
Берік Қапасов, Жамбыл аудандық полиция басқармасының бастығы:
– Ұрланып жатқан малдың бәрі шалғай жайылымда, ауылдан 5–6, кейбірі 10–15 шақырым жерлерде жоғалады. Кейбір малдың иелері Алматы қаласында, басқа жерлерде тұрады. Бірінші топ ұсталған қазіргі уақытта 6 мал ұрлығы бойынша өздерінің жауаптарын беріп отыр мойындап, екінші топ екі мал ұрлығы бойынша қылмысын мойындап отыр. Қазіргі уақытта олармен тергеу әрекеттері жүргізілуде.