Павлодарда автобус жүргізушісіне шабуыл жасаған ер адам ұсталды. Ол 58 жастағы жүргізушіні жұдырықпен ұрып, бетіне көзден жас ағызатын баллон шашқан.
Жанжал күдіктінің жолақы төлеуден бас тартқанына байланысты туындапты. Бейнебақылау камераларындағы жазбадан жас жігіттің алдымен жүргізушіні кабина жанында ұрғаны, кейін салонға шыққан кезде бетіне газ шашқаны көрінеді. Жүргізуші көзінен жарақат алғанына қарамастан, есіктерді ашып, жолаушыларды, оның ішінде балаларды автобустан шығарып үлгерген.
Зардап шеккен азамат Ғалым Сұлтанов атындағы облыстық ауруханаға жеткізілді. Ол жеңіл дәрежелі химиялық күйік алған. Күдікті ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді.
Сұлтан Рысбаев, Павлодар қаласы ПБ Оңтүстік полиция бөлімі бастығының орынбасары:
– Бұзақылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта іс бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.