Түркияда із-түзсіз кеткен қазақстандықтар әлі іздестіріліп жатыр
Мирболат Құрмашев пен Әділ Қадырбеков үйінді астында болуы мүмкін. Ал отандасымыз Сабина Мамадиярова кеше қас қарайғанда қирағандылар астынан табылған болатын. Оның қолы сынған. Бүгінде Түркияның үш қаласында қазақстандық құтқарушылар күн-түн демей іздестіру-құтқару операциясын жалғастырып жатыр.
Ибрагим Күлшімбаев, ҚР ТЖМ бірінші вице-министрі:
- Бүгінгі күнде 10 адамның мәйіті сынған, қираған үйлердің астынан табылып және 4 адам тірілей табылып шықты. Құтқарушылар тоқтамай 2 смен бойынша жұмыс істеп жатыр. Күндіз де, түнде де. Барлық керекті заттарымыз, құралдарымыз жетеді.
Түркиядағы табиғат апатына бей-жай қарай алмаған қазақстандықтар гуманитарлық көмек жинап жатыр. Астана қаласының өзінде екі мекенжайда жүк жинау басталды. Оның бірі – Түркия елшілігі, екіншісі ұлттық волонтёрлер желісінің кеңсесі. Бұдан бөлек Алматы және Ақтау қалаларындағы консулдықтарға да гуманитарлық көмек жетіп жатыр. Қайырымды істің басы-қасында жүргендердің айтуынша, кеше ғана елорданың өзінен халық жинаған 1 тонна жүк ұшаққа тиеліп, Анадолы еліне жөнелтілген. Волонтёрлар жағдай тұрақталғанша халық әкеп тапсырған заттар күнде Түркияға жіберілетінін айтады.
Айбек Досымбетов, «Ұлттық волонтерлік желісі» басшысының орынбасары:
- Тұрғындарға қажетті ол мынау қысқа мезгіл болғандықтан жылы киімдер, арнайы жылы жамылғыш көрпе-төсек орындар сұратып жатыр. Сонымен қатар қолшамдар, түнгі мезгілде өйткені электр қуатының бұзылуына байланысты. Жатын үй ретінде қолдануға ыңғайлы палатка-шатырлар дейміз ғой. Соларды да біз қабылдау жағын бастадық.