Абай облысындағы қарағайлы орманда өрт әлі сөнген жоқ
Құтқарушылар үшінші күн қатарынан тілсіз жауды ауыздықтауға күш салып жатыр. Бүгін еліміздің өзге өңірлерінен де көмек келді. Толығырақ оқиға орнында жүрген тілшіміз Азамат Қасымнан білейік.
Біз қазір өртке ең жақын орналасқан Березовка ауылының жанында тұрмыз. Өздеріңіз көріп тұрғандай, қазір түтіндеп жатыр. Бұл жердегі жағдай осылайша сағат сайын мың құбылып тұр.
Осыған орай құтқарушылар мен техника саны күннен күнге көбейіп жатыр.
Берік Базарбек, өрт сөндіруші:
-Кеше бәсеңдеттік қой. Қазір ауа райына байланысты басқаша болып тұр. Ана жерге барған адам өзі түсінеді. Қазір былай-былай деп айта алмайсың.
Төтенше жағдай вице-министрі Марат Күлдіков пен Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев та оқиға орнында жүр.
Нұрлан Ұранхаев, облыс әкімі:
- Елді-мекендерге төніп тұрған қауіп жоқ. Құтқарушылар мен орманшылар өз жұмыстарын жалғастыруда. 100-ге тарта техника, 6 тікұшақ жұмылдырылды. Қатты желдің салдары өртті сөндіруге қиындық тудырды. Жедел штаб өзінің жұмысын үздіксіз жалғастыруда.
Астана қаласы, Қарағанды және Павлодар облыстарының техникаларынан бөлек жаңа ғана Қорғаныс министрлігінің жол талғамайтын көліктері де осында осы жерге жеткізілді. Сәлден кейін өрт сөндіруге кірісетін болады. Өртке жеті шақырым жердегі Березовка ауылының кіре берісінде осындай далалық асхана жұмыс істеп тұр. Бородулиха ауданының белсенді тұрғындары екі күннен бері қызыл жалынмен арпалысып жатқан тұрғындарға осылайша көмек көрсетуде.
Нұрзия Әкімбаева, Ивановка ауылының тұрғыны:
- Біз міне үшінші күн қолымыздан келгенше көмектесіп жатырмыз. Тамақпен қамтамасыз етіп жатырмыз. Осындай көмектеспегенде қашан көмектесеміз? Өрт тез сөніп, барлығы үйлеріне оралсын. Өрт сөндірушілердің барлығына рахмет.
Айта кетейік, өрт осыдан үш күн бұрын Ресейдің Алтай өлкесінен Бородулиха ауданы аумағына өткен болатын. Алдын-ала болжам бойынша 3 мың гектарға жуық қарағайлы орман отқа оранған.
Авторлары: Азамат Қасым, Берік Жобалайұлы