Хабар телеарнасы

Алматыдағы лай көшкінінен төрт адам қаза тапты

Алматыда лай көшкінінен бір үй қирап, 4 адам қаза тапты. Мамандар оқыс жағдайды техногендік сипаттағы апат деп отыр. Батпақ астында қалған үйдің тұрғындарын іздеу жұмыстары түске таман аяқталды. Марқұмдардың денелері батпақты қиранды астынан шығарылды. Түн ортасында болған апат тағы екі үйге зақым келтірген. 

Қираған үйдің тұрғындары бұл шақыруға енді жауап қата алмайды. Гүрсілдеген дауысты естіген көршілері бірден далаға шығып, көмек бермекші болған. Бірақ дәрмен жоқ. Жоғарыдан түскен ауыр батпақ ескі үйді жайпап өткен. Соның кесірінен бір шаңырақтан 4 адам қайтыс болды. Олар 40 жастағы ер азамат және 44 жастағы әйел адам. 16 жастағы егіз ұлдар да қыршын қиылды. Олардың тірі екенінен үмітті көршілері мен таныстары таңнан осында жүрді.

Максим, марқұмның досы:
- Бұл үйде менің досым егіз бауырымен және әке-шешесімен тұратын. Таңертең осындай хабар естіген соң бірден қоңырау шалдым. Барлығының телефоны сөндірулі. Содан соң лай көшкіні туралы жаңалықтардан оқыдым. Екеуміздің танысқанымызға бір жылдан асты.

3200 текшеметр лай көшкіні басып қалған үй Таусамалы шағын ауданындағы Олимпиада көшесінде орналасқан. Дәл тау бөктерінде тұр. Оқиға орнына келген қала әкімі жағдаймен танысып, жедел жұмыс тобын жасақтады.

Ерболат Досаев, Алматы қаласының әкімі:
- Үштен бастап бүгінгі Төтенше жағдай департаменті, аудан әкімшілігі, қалалық қызмет бәрі осы жерге жиналып, жұмыстарымызды істеп жатырмыз. Басқа көршілер үйлердің бәрін көшіріп, осы 47 мектепке түнде жайғастырдық. Енді содан кейін туысқан, ағайындарына, қонақүйлеріне барлығы өздері кетіп қалды.

Оқиға орнында жедел медициналық жәрдем бригадалары жұмыс істеді. Психологтар марқұмдардың туыстары мен көршілеріне психологиялық көмек көрсетті.

Аршын Кемелжан, тілші: 
- Түнгі сағат екіде болған техногендік сипаттағы лай көшкіні салдарынан бір үй толық қирап, екінші үй зардап шекті. Үшінші көпқабатты үйдің ауласын лай басып қалған. Лай астындағы қираған үйден басқа тұрғындар №47 мектепке эвакуацияланыпты. Жол жабылып, 182 адам мен 32 техника құтқару, тазалау жұмыстарын жүргізді.

Апаттан кейін іле-шала басталған іздеу, құтқару жұмыстары түске таяу аяқталды. Әйнек, темір, ағаш сынықтары араласқан батпақты аршу қолмен жүргізілді.

Біржан Байқұлов, ҚР ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушысы: 
- Бірінші кинологтарды жібердік. Кинологтар жұмыс істеген кезде олар әр нені қарап, толық иттерімен белгілеу береді. Сол шатырды ақырындап кесіп, адамдардың ізін іздеу басталды. Түнімен жұмыс істегеніміздің себебі – саз балшықтардың бәрі қиын және әр нелерді мұқият тазаладық. Адамдарды шығару үшін.

Оқиғаның мән-жайы зерттеліп жатыр. Жағдай техногендік фактордың салдарынан орын алған. Төтеншеліктердің мәліметінше, алдын ала болжам бойынша су құбыры тесіліп, ылғалданған топырақ опырылып кеткен.

Еркебұлан Оразалин, Медеу ауданының әкімі:
- Бүгінгі таңда қазір қасындағы үйлерге қауіп жоқ. Жаңағы түсіретін жердің өзі де төменде орналасқан жер үйлерге ешқандай қауіп болмайды. Бірақ ары қарай тағы да толық бітпеген, жоғарыда орналасқан ғимаратты көріп отырсыздар ғой, соның заңдылығын анықтау керек. Өйткені мүмкін сол салынып жатқан жоғары жақтағы үлкен үйлердің себебі болуы мүмкін деген бізде болжам бар.

Алматы әкімі Ерболат Досаев қайтыс болған отбасының туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Қала әкімідігі марқұмдарды жерлеуге және осы отбасының шет елде оқитын үлкен ұлына да материалдық көмек көрсетілетінін мәлімдеді.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Кенже Амраев