Жетісу облысында қар құрсауында қалған 10 адам құтқарылды
Өткен тәулікте Жетісу облысының «Үшарал-Достық» автомагистралінде қар құрсауында қалған 10 адам құтқарылды.
«Жолда қалатындардың көбі ескертуді елемейді, жүргізушілер автомагистральдің төменгі жағындағы теміржол бойын жағалап кететін. Ақтүтек боранда оларды іздеп табу қиын», - дейді мамандар.
Ауа райының қолайсыздығына байланысты көрші елге қатынайтын жол бір аптадан бері жабық тұр. Салдарынан жүк көліктерінің ұзын сонар кезегі пайда болған.
Осы қыста облыстық төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері қарлы боранда қалған 200-ге жуық азаматқа көмек көрсеткен. Олардың 60 шақтысы тауар тасымалдайтын шетел азаматы.
Виталий Ковалёв, Беларусь республикасының азаматы:
- Қазақ ағайындарға көп рақмет. Жергілікті халық, тиісті мекеме қызметкерлері қиын жағдайда көмектесіп тұрады. 10 жыл бұрын жол нашар болатын. Қазір ұшақтың ұшып қону алаңындай.
Нұрдәулет Дарманқұлов, Алакөл аудандық ТЖБ басшысы:
- Аймақтың табиғаты қатал. Сол себепті жолға жылы киім, трос, күрек, майшам, дәрі-дәрмек алып шығу керек. Егер көлік өшіп қалса, бірден ТЖД хабарласу қажет. Мамандар келгенше майшаммен жылынуға болады. Қарлы боранда көліктен шығып, өз бетінше жол табуға тырысудың қажеті жоқ.