Жұмысшы мамандықтарға сұраныс артады
Техникалық және кәсіптік білім беретін ұйымдарға биыл бюджеттен қосымша 22 млрд теңге бөлінеді.
Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент айтты. Қаржы жұмысшы мамандыққа оқитын жастардың қатарын арттыруға серпін береді. Жалпы мемлекет техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін түбегейлі жаңғыртуды жоспарлап отыр. Бұған дейін жүргізілген талдауға сүйенсек, алдағы алты жылда елімізде жұмысшы кадрларға деген қажеттілік 1,6 млн адамға дейін жетеді. Оның жартысынан астамы кәсіптік-техникалық білімі бар қызметкерлер. Сұранысты қамту ісіне тек жауапты мекемелер мен әкімдіктер ғана емес, жеке сектор да белсене араласуға тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Биыл – Жұмысшы мамандықтар жылы. Осыған орай маңызды іс-шаралар мен жобалар жүзеге асырылмақ. Еңбек адамының абырой-беделін арттыру үшін нақты жұмыс жүргізіледі. Бұл ретте әкімдерге зор жауапкершілік жүктеледі. Олар кәсіпкерлермен бірлесіп, аймаққа қажетті мамандықтар тізімін анықтауы керек. Сондай-ақ сұранысқа ие кадрлар даярлау үшін колледждерге бағыт-бағдар беруі қажет.