Қосымша құн салығынан кімдер босатылады?
Президенттің пәрменінен кейін Үкімет қосымша құн салығын 16% қылуды ұсынды. Мұны бүгін Астанада кәсіпкерлермен өткен жиында Ұлттық экономика министрінің орынбасары Азамат Амрин айтты. Оның сөзінше, бұл қазынаға 4-5 трлн теңге түсім әкеледі. Алдында үкіметтегілер салықтың бұл түрін 20% жеткізбек болған. Бірақ кәсіп иелерін енді жылдық тауар айналымына қатысты норма алаңдатады. Себебі ол қазіргі 80 млн-нан 15 млн теңгеге дейін түседі. Яғни содан асқандар 16% қосымша құн салығын төлейді. Бірақ биліктегілер мұның бәрі талқыланады деп отыр.
Азамат Амрин, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі:
-Қосымша құн салығынан босатылатындар да бар. Мәселен, бұған дейін ауыл шаруашылығы саласындағы заңды тұлғалар табысының 30% салық төлесе, енді олар мүлдем қосымша құн салығын төлемейді. Сондай-ақ денсаулық сақтау саласының кәсіпорындары 10 пайыздық салық төлейді. Тағы бірнеше сала бар. Олар қосымша талқыланады.