Мемлекет басшысы Италия Президенті Серджо Маттарелламен кездесті

Президент Италия делегациясына ілтипат білдіре отырып, бүгінгі кездесу өзара мүддеге сай келетін екіжақты қатынастардың маңызды аспектілерін талқылау үшін оңтайлы мүмкіндік екенін айтты.
– Италияға былтырғы сапарымнан жақсы әсер алдым. Сіздің қонақжайлық танытып, нәтижелі келіссөз жүргізуге барынша жағдай жасағаныңыздың арқасында сапарым өте сәтті өтті. Екі мемлекет түрлі салада тығыз қарым-қатынас орнатқан. Біздің нарықта біраз италиялық компания жұмыс істейді. Олардың қатары қарқынды артып келеді. Мәдени-гуманитарлық байланыстарымыз да ойдағыдай дамып жатыр. Сондықтан елдеріміздің арасында берік ынтымақтастық қалыптасқан деп санаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Италия Президенті құшақ жая қарсы алғаны үшін ризашылығын білдіріп, бұл кездесу екі ел арасындағы шынайы достықтың көрінісі екенін айтты. Сондай-ақ ол екіжақты қатынастардың қазіргі жағдайын жоғары бағалап, өзара стратегиялық серіктестікті кеңейтуге мол мүмкіндік бар екенін атап өтті.
– Біз шын мәнінде барлық бағытта, соның ішінде саяси, экономикалық, сауда және мәдени салаларда тамаша байланыс орнаттық, – деді Серджо Маттарелла.
Әңгімелесу барысында президенттер сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту перспективасын егжей-тегжейлі талқылады.
Мемлекет басшысының айтуынша, Италия Қазақстанның басты сауда серіктестерінің арасында үшінші орын алады, сондай-ақ экономикамызға қаржы құйған бес ірі инвестордың қатарына кіреді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өзара сауда айналымы 20 миллиард долларға жуықтаған. Қазақстанда кәсібін жүргізетін 250-ге тарта италиялық компания мұнай-газ, жаңартылатын энергия, машина жасау және ауыл шаруашылығы салаларының дамуына елеулі үлес қосып келеді.
Бұдан бөлек, мемлекеттер басшылары жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.