Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев бейресми кездесу өткізді

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев бейресми кездесу өткізді
  • 284
  • 29.03.2025, 14:44

Мемлекет басшысының Алматыдағы резиденциясында Қазақстан мен Өзбекстан президенттерінің бейресми кездесуі өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев мәртебелі мейманның Алматыға сапармен келгеніне ризашылық білдіріп, мұндай бейресми кездесулер жақсы дәстүрге айналғанын айтты.

Бұл – бауырлас, достас мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында атқарылып жатқан жұмысты іскерлік сипатта тағы бір талқылауға орайлы сәт. Біз – одақтас елдерміз. Екі ел арасындағы ықпалдастық тұтас Орталық Азия өңіріндегі жағдайға тікелей әсер етеді, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы бауырлас халықтарды жақындастыруға, аймақтың орнықты және қауіпсіз дамуындағы ортақ мақсаттарды ілгерілетуге Шавкат Мирзиёевтің зор үлес қосқанын атап өтті.

Қазақстандықтар Сізді жақсы таниды және аса құрметтейді. Сіздің мықты әрі абыройлы көшбасшылығыңыздың арқасында Өзбекстан қарқынды дамып келеді. Өткен жылы өзбек экономикасының өсімі 6 пайыздан асқанын білеміз. Экономиканың барлық секторындағы мақсатты көрсеткіштер жоспарға сай атқарылып жатыр. Өзбекстан неғұрлым табысты дамыған сайын, біздің елдеріміз арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық та соғұрлым сапалы болады. Сондықтан бүгінгі кездесуде нақты мәселелер бойынша пікір алмасамыз деп ойлаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Өзбекстан Президенті екіжақты байланыстарды нығайтуды көздейтін бүгінгі кездесудің маңызына тоқталды.

Мені өзіңіздің туған жеріңіз, атап айтқанда, Алматы қаласында достық пейілмен, екі халықтың дәстүріне сай ілтипатпен қарсы алып жатқаныңызға рақмет. Өзімнің және халқымның атынан ризашылығымды білдіремін. Соңғы жылдары қарым-қатынасымыз мүлдем жаңа деңгейге көтерілді. Біз – одақтаспыз. Өзара сыйластығымыздың арқасында көптеген мәселе шешімін тауып келеді, екеуара уағдаластықтардың барлығы іске асырылып жатыр. Нақты нәтижелер бар. Сізді Қазақстанның зор табыстарға жетуімен құттықтаймын. Экономикаларыңыз дамып келеді, жетістіктеріңіз жоғары. Бірінші тоқсанды 5,4 пайызбен қорытындылап отырсыздар. Бүгінгі кездесуіміздің сипаты ресми болмаса да, мен үлкен құраммен келдім. Дегенмен әрбір осындай бейресми жүздесулер біздің байланыстарымызға, барлық келісімдеріміздің орындалуына тың серпін береді, – деді Шавкат Мирзиёев.

Тараптар саяси, сауда-экономикалық, көлік-логистикалық, инвестициялық, энергетикалық, су шаруашылығы, өнеркәсіп кооперациясы және туризм салаларындағы өзара ықпалдастықтың перспективасын жан-жақты талқылады. Мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар өңірлік және халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері қарастырылды.

Кездесу соңында президенттер қазақ-өзбек стратегиялық серіктестігін одан әрі тереңдетуге бейіл екенін растады.