Санкт-Петербургте ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясының 58-ші пленарлық отырысы өтті. Қазақстандық делегацияны Парламент Сенатының спикері бастап барды. Мәулен Әшімбаев Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты отырыста сөз сөйлеп, бірқатар екіжақты кездесу өткізді. Сенат төрағасы қазақстандықтар үшін Жеңіс күні ерекше мәнге ие екенін атап өтті. Қазақстан Жеңіске айтарлықтай үлес қосқан негізгі индустриялық және гуманитарлық орталықтардың бірі болды. Майданға аттанған 1 миллион 200 мың қазақстандықтың жартысынан көбі елге оралған жоқ.. Сондай-ақ 500-ден астам отандасымыз Кеңес Одағының Батыры атанған.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Мемлекет басшысының бастамасымен былтыр «Айбын» орденінің дәрежелеріне аты аңызға айналған батырлар Сағадат Нұрмағамбетов, Бауыржан Момышұлы және Рахымжан Қошқарбаевтың есімдері берілді. Биыл 7 мамырда Астанада Жеңістің 80 жылдығы мен Отан қорғаушылар күніне арналған әскери шеру өтеді. Бүкіл Қазақстан бойынша Ұлы Жеңіс күнін атап өтуге қатысты белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Жеңістің 80 жылдығына орай қолдау шараларына қосымша әрбір ардагерге 5 млн теңгеден біржолғы төлем беріледі. Бұл – ТМД елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Мұның бәрі тарихты дәріптеуге және Қазақстандағы ұрпақтар сабақтастығын сақтауға деген ұмтылысымыздың жарқын көрінісі.