Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен салынатын «Орталық-Батыс» күре жолының құрылысын бір айдың ішінде бастау керек. Арқалыққа жұмыс сапарымен барған Премьер-министр Олжас Бектенов осындай міндет қойды. Үкімет басшысы сондай-ақ «Жезқазған-Петропавл» республикалық автожолындағы жөндеу жұмыстарының барысын көрді. Әсіресе, Арқалық қаласындағы әуежайды қалпына келтіру жұмыстарын жіті тексеріп, жобаларды қысқа мерзімде, сапасын жоғалтпай жүзеге асыру маңызды, екенін атап өтті. Қаланы жылумен қамту шаралары да назардан тыс қалмады. Одан кейін Олжас Бектенов жергілікті шаруалармен кездесіп, агроөнеркәсіп кешеніне қатысты мәселелерді талқылады. Қордаланған субсидия қарызы, кезең-кезеңмен толық өтелетіндігін айтты.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі :
-Көктемгі егіс жұмыстары сәтті өтсін. Осы ауыл шаруашылығына бар мүмкіндігінше қолдау көрсетеміз. Биыл да, келесі жылы да осы қолдаулар болады. Бұл Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы. Президенттің Торғай өңіріне көзқарасы ерекше. Өздеріңіз білетіндей, ол кісінің тікелей тапсырмасымен үлкен жол салына бастайды. Биыл мен қазір көлік министрлігіне тапсырма бердім. Бір айдың ішінде мына жолдың құрылысын бастаймыз.
Сондай-ақ Олжас Бектенов жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысының білім беру мен денсаулық сақтау салаларының инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмаларының іске асырылуын тексерді. Ол үшін Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университетіне барып, өңірдегі жоғары білім беруді дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Бұдан бөлек, күрделі жөндеу жүріп жатқан Арқалық өңірлік ауруханасының перзентхана ғимаратына барып, жұмыстардың барысымен танысты. Үкімет басшысы жақын арада медициналық нысандағы күрделі жөндеуді аяқтау үшін қаражат бөлінетінін атап айтты.