Е. Қарин ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссияның отырысын өткізді

  • 161
  • 16.05.2025, 18:35

Алматыда Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Қазақстанның ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясының кезекті отырысы өтті. Жиында осы ұйымдармен арадағы ықпалдастықты дамытуға қатысты басымдықтар мен жоспарлар талқыланды.

Ерлан Қарин Мемлекет басшысының ЮНЕСКО-мен ынтымақтастық мәселелеріне қатысты тапсырмаларын орындаудың маңыздылығына тоқталды. ЮНЕСКО былтыр қазақтың бірегей салты – «Беташарды» адамзаттың материалдық емес, мәдени мұрасының тізіміне енгізген болатын. Ұйымның Алматыдағы өңірлік кеңсесінің басшысы Амир Пирич Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринге «Беташардың» бұл тізімге енгені туралы түпнұсқа сертификатты табыс етті.

Сондай-ақ отырыста Қазақстанның мұрағаттық және тарихи-құжаттық материалдарын ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» атты халықаралық тізіміне енгізуге қатысты жұмыстарды жандандыру қажеттігіне назар аударылды. Мысалы, 14 жыл үзілістен кейін, биыл сәуір айында осы тізімге «Хандар шежіресі» қолжазбасы енгізілді. Басқосуда ЮНЕСКО штаб-пәтерінде Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойын атап өту және Самарқанд қаласында өтетін ұйымның 43-ші бас конференциясына дайындық жұмыстары талқыланды.