Қасым-Жомарт Тоқаев Даниэл Шапу мен оның отандастарын Мозамбик Республикасының тәуелсіздігіне 50 жыл толуымен құттықтады. – Осынау тарихи күн халқыңыздың бірлігі мен жасампаздығының айқын нышаны, мемлекеттілік пен тұрақты дамудың мызғымас тұғыры ретінде ерекше мәнге ие. Еліңіз тәуелсіздік құндылықтарын ту етіп, алдағы уақытта да биік мақсат-мұратқа жете беруіне тілектеспін, – деп жазылған жеделхатта. Президент Қазақстан мен Мозамбик арасындағы достық қарым-қатынас одан әрі дами беретініне сенім білдірді.