Қазақстан-Түркия арасындағы тауар айналымы 5 млрд долларға жетті

  • 40
  • 28.07.2025, 18:38

Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналымы былтыр 5 млрд долларға жетті. Ал бауырлас елдің қалталы азаматтары соңғы 20 жылда Қазақстан экономикасына 6 млрд долларға жуық инвестиция құйған екен. Бүгінде қос мемлекет ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі және құрылыс салаларындағы ынтымақтастықты арттыруға ынталы. Енді осы әріптестік аясын одан әрі кеңейту үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияға ресми сапармен баруды жоспарлап отыр.

Мемлекет басшысы Режеп Тайып Ердоғанмен бірқатар кездесу өткізіп, келіссөз жүргізбек. Бұл сапардан не күтуге болады? 

Қазақстан мен Түркия. Бір-бірін бөтен көрмеген, «бауырым» деп сый көрсетіп, жақын тартқан екі ел. Қос мемлекетті тіл мен мәдениет ұқсастығы байланыстырады. Бүгінде бұл қатынас экономикалық серіктестікпен, саяси ынтымақтастықпен және стратегиялық одақтастықпен тереңдей түсті.

Қазір Түркия Қазақстанның ең басты сауда серіктестерінің төрттігіне кіреді. Былтыр арадағы алыс-беріс 5 млрд долларға жеткен. Ал биыл бұл көрсеткіш қарқынды түрде артып келеді. Мәселен, қаңтар-мамыр айларында екі ел 1,9 млрд долларға өзара сауда жасасқан. Оның басым бөлігі қазақстандық экспорт. Бұл жерде Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің маңыздылығын атап өту қажет.

Бауыржан Тұрлыбеков, «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Сауда және инвестициялық саясатты дамыту орталығының директоры:

- Бұл транспорттық дәліздің маңызы дүниежүзілік сауда үшін өте жоғары. Қытай мен Еуропа арасында жыл сайын 110 миллион тонна тауар тасымалданады. Соның ішінде Қазақстан арқылы өтетін құрлық жолының үлесі — шамамен 80 пайыз. Бұл Қазақстанның ортаңғы дәлізіне тиесілі. Сондай-ақ Түркия мен Қара теңіз арқылы өтетін дүниежүзілік сауда маршруттарына да ерекше назар аударылып отыр. Бұл – Еуропамен көршілес ел ретінде Қазақстан үшін де аса маңызды. Неліктен? Себебі Қазақстан экспортының 50 пайызы Еуропаға бағытталған.

Әлемдік саудадан бөлек, Түркия бүгінде туризмі дамыған елдердің қатарында. Отандық сарапшылар: «Бауырлас елмен креативті экономика, жасанды интеллект бағытында да бірлескен жобаларды жүзеге асыруға болады», - дейді.

Бауыржан Әукен, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Азиялық зерттеулер бөлімінің аға сарапшысы:

- Өзіміз білетіндей, Түркия жалпы экономика, қорғаныс саласы, сонымен қатар әлем мойындаған туризм саласында бірқатар жетістіктерге жеткен. Яғни оның тәжірибесі қазір енді Қазақстан, Орталық Азия елдерімен бірге болсын, жалпы туристік әлеуетін дамытуды көздеп отыр ғой. Түркияның тәжірибесі бұл үшін осы ретте аса маңызды деп ойлаймын. Қазір жаңа салаларды атап өтсек, оны сандық экономиканы алуға болады, креативті экономика, сонымен қатар қазіргі жасанды интеллект саласын алсақ та екі ел үшін де аса маңызды.

Қазақстан мен Түркия – көптеген халықаралық ұйымдардың белді мүшесі. Жаһандық қауіпсіздікті сақтауға да қосқан үлесі зор. Қос мемлекеттің ұстанымдары ортақ. Ол бейбітшілікті, тұрақтылықты және өзара құрметке негізделген ынтымақтастықты дәріптеу. Қазақстан мен Түркия халықаралық алаңда да бір-бірін қолдап, өзара түсіністік танытып келеді.

Джемиле Кынаджы Баран, Түркі әлемі зерттеу орталығының басшысы:

- Түркия Қазақстанның аумақтық тұтастығын әрқашан да қолдайды. Жаһандық қауіпсіздікті сақтаудағы талпынысын да құрметтейді. Түркия үшін Қазақстан – Орталық Азиядағы сенімді серіктес әрі стратегиялық одақтас. Сондықтан бауырлас елге экономикалық, әскери тұрғыдан қолдау білдіретінімізді Режеп Тайып Ердоған әрдайым айтып келеді.

Риат Шони, тілші:

- Қазақстан мен Түркияның достығы замана сүзгісінен өткен шынайы бауырластыққа негізделген. Бұл байланыс өткенімен өрілген, бүгінімен бекіген, болашағымен баянды. Екі ел арасындағы алтын көпір күн санап кеңейіп, түркі дүниесінің кемел келешегіне жол ашып отыр. «Бірлігі жарасқан ел озар». Осы ынтымақтың іргесі бекем болса, болашағымыз да берекелі болмақ.

Риат Шони, Асхат Серікұлы және Бахытбек Нұртаев