Каспий теңізінің таяздануы – аймаққа төнетін негізгі сын-қатерлердің бірі. Ресейдің Алтай Республикасындағы Манжерок қаласында өткен халықаралық экологиялық конференцияға қатысқан премьер-министр Олжас Бектенов Каспий маңы мемлекеттерін ортақ күш жұмылдыруға үндеді. Су тақырыбына қатысты сөйлеген сөзінде Арал маңындағы жағдайға да назар аударылды. Бүгінде ол бағытта жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, Көкарал бөгеті нығайтылып, Сырдария сағасы қалпына келтірілуде. Сарапшылардың болжамынша, 2100 жылға қарай Орталық Азия мұздықтарының көлемі айтарлықтай кішірейеді екен. Осыған байланысты Қазақстан Президентінің бастамасымен Эр-Рияд саммитінде мұздықтарды зерттеу және қорғау бойынша «Су мұнаралары серіктестігін» құру ұсынылды. Қазақстан өз тарапынан су қоймаларын реттеуден бастап суды есепке алуды автоматтандыруға дейінгі бірлескен гидротехникалық жобаларды іске асыруға дайын. Осындай ортақ күш-жігер бес мемлекетке ортақ Каспийге де қажет.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
-2000 жылдардың басынан бері Каспий теңізі деңгейінің төмендеу үрдісі байқалады. Осы және өзге де проблемаларды зерттеу үшін Каспий теңізі Қазақ ғылыми-зерттеу институты құрылды. Ғалымдардың болжамдары көңіл көншітпейді. Осынау бірегей су айдынын сақтап қалу үшін барлық Каспий маңы мемлекеттерінің батыл үйлестірілген іс-қимылы қажет.