2030 жылға дейін 4 мың шақырымға жуық автожол қайта жаңғыртылады. Бұл туралы Олжас Бектеновтің қатысуымен өткен автожолдардың сапасын арттыру жөніндегі жиында айтылды. Президент тапсырмасына сәйкес, елде халық жиі қолданатын жолдарды жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олардың қатарында Семей - Өскемен, Атырау - Орал бағыттары да бар.
Ал құрылысы ұзаққа созылған Қалбатау-Майқапшағай жолы биыл аяқталмақ. Бұдан өзге, теміржол, су және әуе қатынасындағы ірі жобаларды іске асыру жоспарланған.
Еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін дамыту – Президенттің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауынан туындайтын міндеттердің бірі. Тек теміржол саласында ұзындығы 1300 шақырымнан асатын 4 жоба іске асып жатыр. Олардың қатарында Достық – Мойынты, Алматы қаласының айналма теміржолы, Дарбаза – Мақтаарал және Бақты – Аягөз бағыты бар. Ел бойынша 125 вокзал жаңғыртудан өткізіліп, 175 жаңа вагон алынбақ. Бұдан өзге Каспий теңізі арқылы Әзірбайжан мен Грузияны жалғайтын Транскаспий көлік дәлізіне де баса көңіл бөлінуде.
Мақсат Қалиақпаров, ҚР Көлік вице-министрі:
-Осы мақсатта Ақтау және Құрық порттары жаңғыртылуда. Жуырда Қытай тарапымен бірлесіп Ақтау портында контейнерлік терминал іске қосылды. Сиань қаласында біздің құрғақ порт табысты жұмыс істеуде. Селятино, Свислочь және Будапешт маңында жаңа терминалдар салынуда. Маусым айында Грузияның Поти портында Қазақстанның алғашқы мультимодальды терминалы ашылды.
Автомобиль жолдарын дамыту да күн тәртібіндегі маңызды мәселенің бірі. Биыл 13 мың шақырым жолда құрылыс және жөндеу жұмыстарын жүзгізу көзделген. Оның төрт мыңнан астамы жергілікті әкімдіктерге қарасты және қалаішілік жолдар болса, қалғаны республикалық маңыздағы бағыттар. Оның арасында, жылдар бойы жыр болған жолдар да бар.
Ләззат Стамғазиева, ҚР Көлік министрлігінің ресми өкілі:
-Мәселен, Қалбатау – Майқапшағай жолы бар, өзіңіз білесіз. Сақалды құрылысқа айналды десек, қателеспейміз. Осы жолдың құрылысы биыл аяқталуы керек. Ал жаңа жобалардың ішінде мен мына айналма жолдарды ерекше атап өткім келеді. Қазір Шымкентте, Сарыағаш айналма жолы қолға алынды, Қызылорда, бірқатар қаланың айналма жолдары салынып жатыр. Одан қалды Президенттің тапсырмасы бойынша үлкен қалаларды, үлкен өңірлерді байланыстырып тұратын жолдар орташа жөндеумен жөнделіп жатыр.
Биыл 13 мың шақырымның 7 мыңына орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша соңғы бес жылда жүк тасымалының көлемі 6 есе өскен. Тек биылғы жарты жылдықта 2,3 млн тоннаға жетіпті. Әуе арқылы да жүк тасымалын арттыру және қызмет көрсету үшін Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе әуежайлары мультимодалды орталыққа айналмақ. Биыл елге 8 шетелдік әуе компаниясы кіріп, 36 халықаралық бағыт ашылған.
-Арқалық әуежайының жұмысы қалпына келтірілуде. Катонқарағай, Зайсан және Кендірліде жаңа әуежайлар салынуда. Жүк тасымалын арттыру және авиациялық хабтарды дамыту үшін 6 әуежай анықталды. Оларды дамытуға жеке инвестиция тарту жоспарланған.
Республикалық жолдардың жағдайы 93% жақсарды. Көлік-логистика саласындағы ауқымды жұмыстар әрі қарай жалғасын таппақ.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Самат Оспанов