Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап қосымша құн салығын төлеушілерге бақылау күшейеді. Қаржы министрлігі E-Tamga деп аталатын жаңа автоматтандырылған бақылау жүйесін енгізбек. Ол жалған шот-фактура жазып, салықтан жалтарғысы келген компанияларды анықтауға көмектеседі. Бұл туралы қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді. Оның сөзінше, жүйе адал бизнеске кедергі болмайды. Тек есебі күмәнді компанияларды тексеру үшін қолданылады. Алдын ала болжам бойынша E-Tamga 6-7 мың кәсіпорынға әсерін бермек. «Бұл қосымша құн салығын төлеушілердің 5 пайызы ғана»,– деді вице министр.
Ержан Біржанов, ҚР Қаржы вице-министрі:
-Бұл жүйе барлық кәсіпорынға емес, тек тәуекел тобына жататын, яғни нақты қызмет көрсетпей, жалған шот-фактура жазған компанияларға қолданылады. Қазір тәуекелді анықтайтын ережелер әзірленіп жатыр. Біз оларды қазан айында қабылдауды жоспарлап отырмыз. Оның басты мақсаты – салықтан жалтаруға жол бермеу.