Үкіметте елдің үш жылдық әлеуметтік-экономикалық даму болжамы қаралды

  • 82
  • 26.08.2025, 18:42

Үкіметте елдің алдағы үш жылға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы қаралды. Жоспар бойынша өсім 5,3% жоғары болуы тиіс. Ал жылдық жалпы ішкі өнім 229 трлн теңгеден асады деп күтілуде. Жиында алдағы жылу маусымына дайындық барысы да пысықталды. Кей өңірлер жөндеу жұмыстарын бекітілген кестеден кешіктіріп жатыр. Премьер-министр облыс басшыларын сынға алды.  

Ұзақ зерттеу, нарыққа терең талдау жасай отырып, Үкімет экономиканың алдағы үш жылдық сценариін жасады. Сол болжамды таныстырды. Өндіріс пен қызмет көрсету салаларында үлкен кідіріс орын алмаса өсім оң болады. Мәселен, экспорт 2026 жылы 77,1 млрд АҚШ долларын құраса, 2028 жылы 83,7 млрд долларға жетуі мүмкін. Импорт 67 мен 75 млрд доллар аралығында қалыптасады. Үш жылда құрылыс 11%, көлік саласы 10,1%, сауда 6,7% деңгейінде өседі деп күтілуде. Сондай-ақ бүгін ұзақмерзімді даму болжамы баяндалды. 

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі:

-Базалық нұсқада 10 жыл ішінде ЖІӨ-нің орташа жылдық өсімі 4,5% құрайды. Бұл 2035 жылға қарай номиналды ЖІӨ-ді 473,2 трлн теңгеге дейін ұлғайады. 2035 жылы мемлекеттік бюджеттің кірісі 66,8 трлн теңгеге дейін ұлғаяды. Кепілдендірілген трансферт 2 трлн теңгеге дейін төмендейді.  

Үкіметте алдағы үш жылдық кезеңге арналған республикалық бюджеттің жобасы да қаралды. Оған сәйкес жылдық кіріс 27 трлн теңгеге дейін артады деп күтілуде. Әлеуметтік саланы қолдауға 10,7 трлн теңге бағытталады. Ал агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға 732 млрд, көлік инфрақұрылымын дамытуға 855 млрд теңге бөлу көзделген.   

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Президент бюджеттің теңгерімділігін, республикалық және жергілікті деңгейлерде қаражатты сапалы жоспарлап, тиімді бөлуді тапсырды. Бюджет әлеуметтік мәселелерге бағдарланған болып қалады. Сонымен қатар экономиканың өсуін ынталандыруға бағытталған шығыстар да ұлғайтылатын болады. Бюджет қаражатын тиімді және уақытыл пайдалану сондай-ақ шығындарды қатаң бақылауда ұстау маңызды болып табылады.  

Дәл қазір жылу маусымына дайындық барысы ерекше бақылауда тұр. Бүгінде 4 энергоблок, 31 қазандық және 20 турбинада жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Дербес қазандықтардың 85% қысқа дайын.   

Ерсайын Нағаспаев, ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрі:

- Білім беру нысандарының дайындығы 92% құрап отыр. Жоспардан қалып отырған екі өңір бар. Олар Алматы және Қарағанды облыстары. Денсаулық сақтау нысандары бойынша да дайындық 92% құрайды. 5720 нысанның шамамен 5240-ы дайын. 

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Бірқатар өңірде жөндеу жұмыстары уақытылы аяқталмау қаупі бар. Мұндай жағдайлар әкімдер тарапынан жоспарлаудың нашар болуы мен қатаң бақылаудың жоқ екенін көрсетеді. Риддер, Кентау, Екібастұз және Ақтау қалаларының энергия көздерін ерекше бақылауға алу қажет. Әзірлік паспорты болмай жылыту маусымы басталатын болса кінәлі тұлғалар жауапқа тартылатын болады. 

Айта кетейік, жылу маусымына дайындық барысы тек осы айдың өзінде үшінші рет қаралып отыр. Үкімет басшысы бүгін министрлер мен әкімдерге жаңа мерзімді белгілеп берді. 1 қыркүйекке дейін білім беру ошақтары, 15 қазанға дейін денсаулық сақтау және тұрғын үй нысандары қысқа әзір болуы тиіс.

Ердәулет Ыбырайұлы, Азамат Сәметов