Биыл Қазақстан Конституциясының қабылданғанына 30 жыл. Ел Тәуелсіздігінің басты құжаты 1995 жылы жалпыхалықтық референдум арқылы мақұлданды. Содан бері мемлекеттің дамуы мен тұрақтылығына Ата Заң негіз болып келеді. 30 жыл ішінде бірнеше мәрте өзгерген Конституция қалай жаңартылды? Еліміздің жаңа заманға сай қалыптасуындағы рөлі қандай?
Ата Заң елдегі барлық салаға елеулі өзгерістер әкелді. 30 жылда негізгі құжатқа 6 рет түзету енгізілді. Айтар болсақ, Парламент пен Президенттің өкілеттік мерзімі ұзартылып, депутаттардың саны көбейді. Сонымен қатар президенттікке үміткердің жас шектеуі өзгертілді. Президенттің кейбір өкілеттігі Парламентке беріліп, билік тармақтары арасында тепе-теңдік орнады. Құқықтық жағынан алғанда негізгі өзгерістердің бірі Конституциялық Кеңес органының орнына Конституциялық Соттың құрылуы болды.
Бақыт Нұрмұханов, ҚР Конституциялық соты төрағасының орынбасары:
-Конституциялық сотты адам құқықтарын қорғаудың қосымша құралы ретінде қарастырған жөн. Заңгерлердің арнайы зерттеулерінде ол макро мәселелерді реттейтін орган деп қарастырады. Өйткені оның шешімдерінің күнделікті жай соттардан қарағанда мыңдаған, жүздеген істер қаралып жатады.
Конституцияға ең ауқымды өзгерістер 2022 жылы енгізілді. Ата Заңның 30-дан аса бабы түзетілді. Бүгінде «Заң мен тәртіп» қағидаты да құқықтық мемлекеттің негізі болып отыр.
Марғұлан Ермағанбетұлы, заңгер:
-Конституцияны нығайтуда да осы «Заң мен тәртіп» қағидасы үлкен рөл ойнайды және үлкен істер жасалып жатыр. Бұл тұрғыда мемлекеттік басқарудың ашықтығы, азаматтық қоғамды жетілдіру бағыттарында өте жедел және заманауи талаптарға сай жұмыстар жасалып жатыр.
Конституция барлық азаматқа тең мүмкіндік беріп, әділетті қоғамның негізін қалады. Бұл тұрақтылық пен бірліктің, даму мен өркендеудің басты тірегі.
Зәмзәгүл Қиянова, №97 мектеп-гимназия директоры:
-Біз көбіне құқығымызды айтамыз да, міндеттерімізді ұмытып кетіп жатамыз. Міндетте не жазылған, адамның сол мемлекетті қалай сақтау керегі, елге қалай адал қызмет ету міндеттері де қарастырылған. Сондықтан сондай мемлекет құру үшін тек үлкен адамдар емес, біз мектеп қабырғасында заң білетін ұрпақты қалыптастыруда «Әділет мектебі» жобасын бастап жатырмыз. Арнайы сынып ашып, оқушыларымызды кәсіби заң білетін мамандар ету үшін қолға алып жатырмыз.
Қазақстан 30 жылдың ішінде Конституция ережелерін басшылыққа ала отырып, ұлы жолды жүріп өтті. Осылайша, еліміз бүгінде әлемдегі беделді әрі орнықты мемлекетке айналды.
Құралай Жұмахан, Азамат Сәметов