2033 жылға қарай жасанды интеллект нарығының көлемі 5 триллион долларға жетіп, осы сектордың әлемдік технология индустриясындағы үлесі 30 пайызға дейін ұлғаяды. Бұл туралы Қытайдың Тянцзинь қаласында өтіп жатқан Шанхай ынтымақтастығы ұйымының саммитінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді. Ол жоғары технологиялар және цифрландыру саласындағы ынтымақтастықты жандандыру қажеттігін айрықша атап өтіп, бұл істі кейінге қалдыруға болмайды деп мәлімдеді. Себебі басқа салаларға қарағанда бұл бағыт тез дамиды және Шанхай ынтымақтастығы ұйымы жасанды интеллектіні дамыту ісінде әлемде көш бастайды деп мәлімдеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қытайдың жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық бойынша жаһандық ұйым құру туралы ұсынысын толық қолдаймыз. Мұндай өте маңызды іске қомақты үлес қосуға дайынбыз. Қазақстан цифрландырудың барлық спектрі бойынша ынтымақтастықты арттыруды, соның ішінде экономиканың нақты секторларына, денсаулық сақтау ісіне, көлік-логистика саласына, қалаларды басқару жүйесіне «ақылды шешімдерді» енгізуді қуаттайды.
Айта кету керек, цифрландыру ісінде біздің еліміз – Орталық Азия өңірінің көшбасшысы. Экономика, білім беру, денсаулық сақтау, энергетика, тау-кен, көлік логистика және т.б көптеген салаларда озық инновациялар енгізілуде. Мәселен, SMART жүйелер қала тіршілігін үйлестіру мен қозғалыстарды оңтайландыруда таптырмас тетік десек, ол енді теміржол саласына да енгізіліп жатыр. Инфрақұрылымды цифрландыру, денсаулық, білім беру, тіпті қорғаныс саласына да жасанды интеллект жетістіктері келіп жатыр. Ал Қытайдағы Президент мәлімдемесі құр сөз емес, нақты іспен негізделгенін айта кету керек.
Шәріпбек Бақберген, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Жасанды интеллект және инновацияларды дамыту комитетінің сарапшысы:
- Шанхай ынтымақтастығы ұйымының арасында жасанды интеллекті дамыту жөнінен форумдар өткізіліп жатыр. Енді алғашқы форум қазан айының басында осы Астана қаласында өткізілейін деп жатыр. Ол диджитал бридж ішінде болады. Бір-бірімен тәжірибе алмасу, өзінің біліми ресурстарымен бөлісу арқылы, солардың білімін үйреніп, өзімізде де қолдануға мүмкіндік береді.