Парламент палаталары депутаттары үшін жаңа маусым басталды

  • 23
  • 02.09.2025, 19:38

Сегізінші шақырылымның Парламент депутаттары жаңа төртінші сессияны бастады. Жаңа маусымда жаңа мәселелердің шешімін іздеп келген халық қалаулылары қордаланған түйткілдерді көтерді. Олар жаңа сессияда цифрлық кодекс, тұтынушылар құқығын қорғаудан бастап білім, міндетті медициналық сақтандыру т.б. сол секілді сан саланың мәселелерін майшаммен қараймыз деп, бел шешіп білек сыбана келіпті. 

Парламент палаталары депутаттары үшін жаңа маусым басталды. Бұл жаңа саяси кезең. Ескі проблемалардың шешімдері, жаңа заңдар. Тосын сыйларда жоқ емес. Ол мынау. Жаңа маусым басталғанға дейін Үкімет пен Парламент ғимаратының алдындағы мына жөндеу жұмыстары аяқталуы тиіс болған. Аяқталмапты.  

Еркін Әбіл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Ештеңе істелмеді деп айтуға болмас, жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, бірақ біз жұмысқа шыққанша бітіріп қояды деп үміттенгенім рас.  

Иә, халық қалаулылары Үкімет үйіне шаң кешіп кірді. Заңнамалық жұмыстың шаңын шығарып істесе ғой деуіміз мүмкін, істейміз дейді. 11:00-де басталған қос палата өкілдерінің бірлескен отырысы 11:00-ден 5 кеткенде аяқталды. Құдды бір төбе көрсетіп, әнұран айтуға ғана келгендей әсер қалдырады. Бірақ тәртіп солай. 

Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Жұмыс істеуіміз керек. Жиналысты азайтуымыз керек. 

Нұртай Сәбилянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Жұмыс өте көп. Заң жобалары бар. Цифрлық кодекстің жобасын талқылайтын боламыз. Сосын мына жергілікті өзін-өзі басқаруға байланысты заң жобасы бар. Одан кейін құрылыс кодексі бар.  

 Иә, депутаттар жаңа сессияда барынша белсенді боламыз дейді. Мұрат Әбенов тұтынушылар құқығын қорғау заңына өзгерістер жуырда, екінші оқылымда мақұлданатынын айтады. Мәселен, жуырда бұқаралық резонанс туғызған кондитер мен блогердің арасындағы торт оқиғасының шешімі енді жаңа құжаттан көрініс таппақ. Еске сала кетсек, салмағы 18 келі тартқан тортқа тапсырыс беруші ақшасын төлеуден бас тартқан болатын.

Мұрат Әбенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: 

-Енді біз енгізіп жатырмыз, бірақ азаматтық кодексте бар. Қазір ұсынып, екінші оқылымға шығарамыз. Кез келген ауызша сөйлесу, ватсап бәрі бар. Әлеуметтік желіде бір-бірімізге міне бағасы осындай болады деп жазған болсақ, онда төлеуге міндетті.   

Сенатор Геннадий Геннадийұлы сенсацияға бергісіз мәлімдеме жасады. Енді «ақпараттық сығандардың» басына бұлт үйірілуі мүмкін. 

Геннадий Шиповских, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: 

-Жақын арада онлайн казиноны жарнамалаймын деп соңғы рет 5 рет әкімшілік айыппұл төлеген екен. Алайда сол 5 рет әкімшілік айыппұл төлеп, ары қарай сол ұтыс ойындарын заңсыз жарнамалау жұмыстарын жалғастырып жатыр. Бұл не деген сөз, яғни кейбір сондай блогерлерге, танымал кісілерге әкімшілік айыппұл өтпейді екен. Сондықтан да біз қазір қаржылық мониторинг агенттігінің басшылығына яғни Элиманов мырзаға депутаттық жолдау дайындап қойдық. Біздің енді ұсынысымыз бойынша алдағы уақытта әкімшілік жазадан қылмыстық жаза тағайындау.  

Күзгі егіс орағы науқаны басталды. Астықты аймақ Қостанай облысының депутаты Еркін Әбіл кейбір алқаптарға алдыңғы жылғы су тасқынының салдарынан келген залал әлі кесірін тигізіп жатқанын айтады. 

Еркін Әбіл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Су кеткен жоқ. Екі ауданда бізде сондай мәселе бар. Мына егіндер судың астында жатыр.  

Екі ауданның мәселесі жалпы жиын-терімге кедергі емес. Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары болжаммен бөлісті. 

Азат Сұлтанов, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі: 

-Қазіргі уақытта 5,9 млн тонна астықты жинадық. 20 млн астықты бізде көп болады. Осылай бізде қазіргі болжам.  

Міндетті медициналық сақтандырудағы сан сұрақ әлі өзекті. Оның сыртында дәріхананы былай қойғанда елді қажетті дәрі-дәрмекпен қамту күрделі. Оны тізімге енгізу біпнеше жыл алады, ал дәрі қазір керек. Батыс, Шығыс, Оңтүстік пен Орталық өңірлерді аралап келген Аймағамбетов осылай дейді. 

Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Топ 5 сұрақ дейтін болсақ соның ішінде МӘМС міндетті түрде бар. Мектеп саласында сапа мәселесі бар, орын жетіспеушілік мәселесі бар. Қосымша қызметкерді алатын болсақ, олар өз жалақысы бойынша көп сұрақ қояды. Еден жуушы болсын, әлде басқа да мысалы, кітапханашылардың проблемасы бар. Міне осы азаматтар, 600 мыңнан астам азаматтар олар өзінің мәселелерін көтеріп жатыр жалақы бойынша.  

Әлеуметтің арызын арқалап жеткен тағы бір депутат Елнұр Бейсенбаев. Саяжайларда тұратын ағайын Үкіметке сәлем айтып жіберіпті. Ресми емес деректерге сенсек, саяжайдан сая таппаса да соны паналап отырған тұрғындардың саны милионнан асады.

Елнұр Бейсембаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Жол салынбайды, мектеп салынбайды. Бірақ қаншама осы біздің қара домалақтарымыз сол жерлерде өмір сүріп жатыр. Олар енді бұрынғыша бір саяжай ретінде пайдаланбайды ғой енді, кеңес үкіметіндегідей. Ол жерде олар кәдімгі тұрғылықты тұрады. Қолжетімді бір бағамен алды, үйін салды. Біздің азаматтар. Менің ойымша саяжайлардың барлығын реттейтін, пысықтайтын уақыт келді, сол бойынша да заң жобасы дайын.  

Ал Нұртай Салихұлы экономикаға қан, кәсіпкерге жан, халыққа нан мәселесін бірыңғай шешуге ниетті. Ол үшін мемлекеттік жеңілдетілген несие жүйесін енгізу қажет дейді.  

Нұртай Сәбилянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Бізде тек қана бірқатар кәсіпкерлік субъектілері ғана жеңілдетілген несие алады. Оның өзі банктер 21% беретін болса, ал жаңағы Даму қоры арқылы, Бәйтерек арқылы оларды субсидиялап оларды 8% дейін түсіреді. Яғни осы субсидияға жылына 300 млрд қаражат жұмсайды. Яғни бұл субсидиялар банкілерді қолдауға арналған деген сөз. Сондықтан қазір бар қаражатты пайдаланып, банкілерге емес, кәсіпкерлік субъектілеріне жеңіл несие беруді қарастыруымыз керек. Сонда біздің өндірісімізді дамытатын болсақ экономикамызды дамытатын болсақ, сонда ғана жағдайымыз жақсарады.  

Экономика, әлеуметтік сала өз алдына, спорт пен туризм бағытында да міндеттер тұр. Мәселен, қазір Алматыға Реал Мадридтің келуі көпшілік талқысында. Министр бүй дейді.  

Ербол Мырзабосынов, ҚР Туризм және спорт министрі:

-4-ші категориялы стандарттарға ие УЕФА-ң. Сондықтан толық біздің алаң дайын. Қала да қосымша туристерді қабылдауға бүгінгі күні жан-жақты дайындалуда. Бүгінгі күні стадиондар бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасы бар. Алматыда 30 мыңға жуық көлемді стадион салады. Одан бөлек 7 өңірде республиканың бүгінгі күні сметалық документтері дайындалып, 7 өңірде стадиондар жұмыстарын бастап жатыр. Халыққа пайдасын тигізетін нәрселер бұл бастамалар. Экономика бағытында болсын. Спорттық туризмнің дамуы.  

Жаңа сессияның алдында үлкен жұмыстар тұр. Цифрлық кодекс бұл мемлекеттік, коммерциялық қызметтер ғана емес экономиканы цифрландыруды қамтитын үлкен құжат, сол секілді жергілікті өзін-өзі басқару, тұтынушылар құқығын қорғау, жалпы заңдардың қай-қасысы болмасын өз алдына бір төбе. Депутаттар атап өткендей, заң бұл қағаз жазу емес, ел ішіндегі проблемалардың шешімі.  

Берік Дүйсенбай, Айдос Меделбеков