Енді Алатау толық цифрлық қала болады. Мемлекет басшысы бүгінгі халыққа Жолдауында 10 күнде Алатау қаласына арнайы статус беріліп, тікелей Үкіметке бағынатын болатынын жеткізді. Сонымен бірге 6 айдың ішінде қаланы басқарудың қаржылық үлгісін қарастыратын жеке заң қабылдау қажеттігін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
«Алатау қаласы біздің жаңа іскерлік белсенділік пен инновация орталығына айналмақ. Жалпыұлттық жобаны жүзеге асыру үшін аумақ бөлініп, бастапқы жоспарлау аяқталып, негізгі инфрақұрылым желілері қосылды. Жақында Қытайға жасаған сапарымда әлемдік деңгейдегі компаниялармен миллиардтаған долларлық келісімдер жасалды. Осы компаниялардың бірі Шэньчжэньдегі жаһандық технополистің құрылысына атсалысқан және «Алатау-сити» жобасын жүзеге асыруға тікелей қатысады. Мұнда Smart City технологиялары енгізіліп, тауар мен қызмет ақысын криптовалютамен төлеу мүмкіндігі қарастырылады. Жаңа қала Қазақстанның болашағының бейнесін айқын көрсетіп, заманауи технологиялар мен жайлы өмір сүру ортасын ұштастыруы қажет».