Сенат Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыруға жан-жақты қолдау көрсетеді. «Сондай-ақ Президент белгілеп берген барлық бастаманы заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге мүдделі»,– деді Палата Бюросының отырысын өткізген Сенат спикері Мәулен Әшімбаев. Депутаттар Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында жүктеген міндеттерге сәйкес Сенаттың жұмыс жоспарын талқылады. Атап айтқанда, Мемлекет басшысының цифрландыру жөніндегі тапсырмалары, соның ішінде жасанды интеллект, платформалық экономика, үлкен дерекқорларды пайдалану сияқты мәселелерге кеңірек тоқталды.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:-Жолдауда Мемлекет басшысы жасанды интеллект дәуірінде еліміздің алдында тұрған өзекті мәселелерді көтерді. Президентіміз Қасым-Жомат Кемелұлы Тоқаев: «Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық мемлекетке айналуға тиіс»,– деп нақты мақсат қойды. Осы бағытта Парламенттің алдында тиісті заңнамалық база құру міндеті тұр. Алдымен цифрлы кодекстің сапалы қаралуын және уақытылы қабылдануын қамтамасыз етуіміз қажет.