Үкімет Президент Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасын мақұлдады. Құжат 8 бағыттан тұрады. Инвестиция тарту, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын дамытудан бастап, парламенттік реформа жүргізу де қамтылған. Сондай-ақ жиында жолдағы қауіпсіздік пен жылыту маусымына дайындық барысы сөз болды.
Президент Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын Премьер-министрдің орынбасары - Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин таныстырды. Ол әр бағыт бойынша атқарылуы тиіс жұмыстарға нақты тоқталып өтті. Айтуынша, жоспар жобасы экономиканы арттыруға және оның негізгі салаларын цифрлық және мемлекеттік басқаруды жаңғыртуға сондай-ақ, инвестициялық ахуалды жақсартып, азаматтардың жағдайын көтеруге бағытталған. Белгілі болғандай, бұның аясында инвесторлардың құқықтарын қорғау жөнінде бірқатар жоспар іске асып, шаралар қолға алынатын болады және «банктер туралы» заң қабылданады.
Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрі:
-Оның негізгі міндеті нарыққа жаңа қатысушыларды тарту және банктердің еркін өтімділігін айналымға, атап айтқанда, экономиканың нақты секторына бағыттауды қамтамасыз ету. Экономиканың жоғары технологиялық секторларына Ұлттық қордан 1 млрд АҚШ долларына дейін инвестиция құйылады.
Бұдан өзге, Алатау қаласын дамыту, сирек кездесетін және басқа да аса тапшы материалдарды өңдеу жобаларын іске асыру, агросекторды қолдау, көлік-логистика, кәсіпкерлік бағыттары Үкімет назарында болмақ. Парламенттік реформа жүргізу үшін референдум өткізу бойынша ұйымдастырушылық мәселелер және тиісті заңнамаға ықтимал түзетулер пысықталады. Дауыс беру нәтижесінде жалпыұлттық жоспар жобасы бірауыздан мақұлданды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
-Мемлекет басшысы Жолдауда елімізді дамудың жаңа деңгейіне көтеру үшін жүйелі шаралар кешенін қабылдауды тапсырды. Үкіметтің алдына экономикаға, агросекторға және логистика мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына цифрлық шешімдер мен жасанды интеллектіні енгізу бойынша нақты міндеттер қойылды. Біз Президенттің инвестициялық ахуалды жақсарту, негізгі салаларды жаңғырту, мемлекеттің тиімділігін арттыру және мұқтаж адамдарды әлеуметтік қамсыздандыруға бағытталған стратегиялық бастамаларын іске асыру үшін нәтижелі шаралар қабылдаймыз.
Жиын барысында жолдағы қауіпсіздік мәселесі де сөз болды. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жыл сайын жол апатынан 2 мың адам қайтыс болса, 20 мың адам жарақат алады. Өткен аптаның өзінде жантүршігерлік бірнеше оқиға тіркелді. Маңғыстау облысында шағын автобус аударылып, 10 адам көз жұмды. Жетісу облысында үш көлік соқтығысып, 10 адам қаза болды. Себеп - қарсы бағытқа шығу. Қарағанды облысында да дәл осындай себеппен жол-көлік оқиғасы болып, 5 адамның өмірі қиылды.
Игорь Лепеха, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:
-Апатты жағдайға бірнеше фактор әсер етеді. Біріншіден, жол-көлік оқиғаларының 90% жүргізушілердің кінәсінен болып отыр. Сондай-ақ көлік жүргізу тәртібінің төмендігі. Жыл сайын полиция 13 миллионнан астам жолда жүру ережесін бұзудың дерегін анықтайды. Қазір өңірлерде жылыту маусымына дайындықтың соңғы кезеңі. Жауаптылар жоспарлы жөндеу жұмыстарын жеделдетуі керегі айтылды. Кей қалаларда жылыту маусымы басталып та кетті.
Үкімет жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының барлық бағыттарын уақытылы және сапалы орындалуын қамтамасыз етпек. Бұл үшін бақылау жүргізіледі.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Айдос Меделбеков
: