Президенттің Нью-Йоркке сапары жемісті кездесулерге толы болды

  • 268
  • 24.09.2025, 20:06

Жасанды интеллект технологиялары мен заманауи стартаптарды қаржыландыруға Американың алып компаниялары қызығушылық танытып отыр. Ал Шеврон сияқты мұнай-газ саласының мега алыбы қазақ газын өндірумен қатар оны халықаралық нарықтарға жеткізу жолдарын дамытуға ниетті. Бұл айтулы мәмілелерге БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясы алаңында өткен кездесулерде қол жетті.

Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ Еуропа мемлекеттерінің бірқатар көшбасшысымен кездесіп, екіжақты ықпалдастық мәселелерін пысықтап алуға да уақыт тапты. 

Нью-Йорктегі жемісті кездесулер

Мемлекет басшысы АҚШ-тағы жұмыс сапары аясында Дональд Трамптың Оңтүстік және Орталық Азиядағы арнаулы өкілі Серджио Горды қабылдады. Кездесуде Президент қазақ-америка стратегиялық серіктестігін нақты жетістіктермен нығайтуға ниетті екенін жеткізді. Тараптар сауда-экономикалық ықпалдастықты дамыту жайын талқылап, халықаралық және өңірлік өзекті мәселелер жөнінде де пікір алмасты.

ЖИ дамытуға АҚШ атсалысады

Америкалық Meta Platforms Inc компаниясы Қазақстанда ЖИ технологияларын дамыту бойынша бірлескен акселерациялық бағдарламаны іске қосуға атсалысады. Қасым-Жомарт Тоқаев Meta компаниясының вице-президенті әрі жасанды  интеллектіні зерттеу бөлімінің (FAIR) бас ғылыми жетекшісі Янн Лекунды қабылдады. Президент Қазақстанда ЖИ-нің экожүйесі мен қазақ тілінің үлкен тілдік моделі жасалып жатқанын атап өтіп, америкалық технология алыбымен тиімді серіктестікті нығайтуға дайын екенін растады. 

Chevron кенішті кеңейтпек

Қарашығанақ пен Теңіз мұнай кен орындарын игеруге 55 млрд доллар инвестиция салып, үлкен үлес қосқан Шеврон корпорациясы келешекте Теңіз кенішінің аясын кеңейтуге ниетті. Сондай-ақ Қарашығанақта газ өндіру, өңдеу перспективасына мән беріп отыр. Бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездескен Chevron корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы және бас атқарушы директоры Майкл Уирт мәлімдеді. Ол көмірсутектерді өндіру ғана емес, оны әлемдік нарықтарға тасымалдау ісін дамытуға да мүдделі екенін атап өтті. Бұл ретте Орта дәліздің маңызы айрықша. 

Көлік дәлізін қаржыландырады

Қасым-Жомарт Кемелұлы Cerberus Capital Management компаниясының бас атқарушы директоры Фрэнк Бруноны да қабылдады. Инвестицияларды басқарудағы әлемдегі көшбасшы компания Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту аясында инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға ниетті. Бұл Президент атап өткендей, Қазақстанның ұлттық экономиканы әртараптандыру жөніндегі басымдықтарына сай келеді.

Бизнестегі ынтымақтастық

Президент БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясының алаңында Люксембург Премьер-министрі Люк Фриденмен кездесті. Келіссөз барысында сауда-инвестициялық ықпалдастықты дамыту, цифрландыру мен қаржы технологиялары салаларындағы бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға ерекше мән берілді. Енді екі елдің бизнес қауымдастығы арасындағы байланыстар жандана түспек.

Монако Князі келеді

Қасым-Жомарт Тоқаев Монако Князі ІІ Альбермен кездесу өткізді. Қазақстан мен Монако арасындағы қарым-қатынас қарқынды дамып келеді. Президент сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтудің мол әлеуеті бар екеніне тоқталып, Князь ІІ Альберді елімізге ресми сапармен келуге шақырды.

Финляндиямен ықпалдастық

Қазақстанға сондай-ақ Финляндия Президенті де сапарлайды. Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йоркте Александр Стуббпен кездесіп, екіжақты және халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерді талқылады. Финляндия басшысының алдағы сапары қос елдің сауда-экономикалық және гуманитарлық әлеуетін танытуға ықпал ететініне сенімді екенін айтты.

Қ. Тоқаев Макронмен кездесті

Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-та Франция Президентін де қабылдады. Эмманюэль Макронмен өткен емен-жарқын әңгімеде осыған дейін жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтар, соның ішінде энергетика, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау бағыттарында айтарлықтай табысты іске асырылып жатқаны айтылды. Қазақстан мен Франция президенттері өзекті геосаяси мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Алыс-беріс артты

БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясы аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгия Корольдігінің Премьер-министрі Барт де Вевермен де кездесу өткізді. Арадағы алыс-беріс жарты млрд долларға жеткені, бірақ ынтымақтастықты тереңдету қажеттілігі сөз болды. Барт де Вевер кездесуге уақыт тапқаны үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтып, Король Филипптің ізгі тілегі мен сәлемін жеткізді.