Сүт саласындағы кәсіпкерлер мемлекет қолдауына зәру

  • 9
  • 30.09.2025, 19:36

Қазақстан кәсіпкерлері Еуразиялық экономикалық одақтағы әріптестеріне қарағанда мемлекеттен әлдеқайда аз қолдау алып отыр. Әсіресе, бұл сүт саласында қатты сезіледі. Биылғы Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев агроөнеркәсіп кешенінің ең өзекті мәселелерінің бірін ашық айтты. 

Биыл Баянбай ауылында сүт саласын дамытуға бағытталған ауқымды жоба іске қосылды. Қазір фермада 980 ірі қара мал бар. Кәсіпорын тәулігіне 10 тонна сүт өндіріп, одан 40 түрлі өнім шығарады. 

Таулы аймақта өндірілген қаймақ, айран мен ірімшіктің ерекше дәмін астаналықтар да жоғары бағалайды. «Бизнеске мемлекет қолдау көрсетіп отыр»,– дейді өндіріс басшысы.

Ғалымжан Абдіхалықов, өндіріс директоры:    

-Субсидия өндірілген өнімге береді. Әр алынған сүтке, айналымға жіберілген сүтке 45 теңгеден субсидия беріледі. Қасым-Жомарт Кемелұлының Жолдауындағы айтылған сөз, бізге сүт өніміне берілетін Үкіметтің қолдау мөлшері көршілерімізден гөрі, Еуразия экономикалық одаққа қатысатын елдерден мөлшері аз деп белгіледі. Министрлікке, аудан, облыс әкімдіктері де біліп отыр. 

Өткен жылы Қазақстан шаруалары 3,5 млн тонна сүт өндірді. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 5,6% көп. Сарапшылар мұны сұраныс пен инвестицияның өсуімен байланыстырады. Алайда салада шешімін таппаған өзекті мәселелер де жеткілікті. 

Болатбек Нажметдинұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Бірнеше себептер бар. Ол жерде логистика. Өзіміздің шаруамыздың жағдайын жасауымыз керек қой. Сүтті алдың ба? Қалай деп. Екінші, дүкендерге доступ. Сосын бізге келіп жатқан порошок. Ол Ресейден, болмаса Беларусиядан келеді. Бізде регламент бойынша сол сүт емес, сүттің сусыны деп жазылуы керек. Бізде ол да  сүт болып тұрады. Біздікі де сүт болып тұрады. Әрине, ананың бағасы бізден 30,40,50 пайыз төмен болып тұрады. 

«Еуразиялық экономикалық одақ елдері бағаны төмендеткендіктен, отандық өнім бәсекеге шыдай алмай жатыр. Ал өнім құрамын тексеру және бұл саладағы кедергілерді жою Сауда министрлігінің міндеті»,– деді депутат.

Болатбек Нажметдинұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-ЕуроОдақпыз ғой енді. Арамызда кеден жоқ. Бізде тек қана мемлекеттік шекара. Тауардың былай-былай жүргені, арамызда кедергі жоқ. Бізден шыққан тауады сол одақтағы елдерге барсақ, Бізді тырп еткізбей ұстап отырады. Біз солардың полкасына шығатын болсақ, біздің шыққан бағасы олардың шығарған тауарынан әлде қайда жоғары болып тұрады. Себебі әкімшілік жетектеу оларда өте күшті.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Еуразия экономика одағына мүше басқа мемлекеттердің кәсіпорындарымен салыстырғанда, біздің кәсіпкерлеріміздің қажетті мөлшерде мемлекеттік қолдауға ие болмай отырғаны анықталды. Сол себепті олар тиімсіз жағдайларға тап болып, ішкі нарықтың өзінде бәсекелестеріне есе жіберіп жатыр. Бұл жерде сүт өндірушілер туралы сөз болып отыр.

Аталмыш одақ келісімінің негізгі қағидаты – өзара тиімді ынтымақтастық пен ұлттық мүдделерді ескеру. Әкімшілік кедергілерсіз ортақ нарық құру көзделгенімен, мүше елдер өз нарығын бірінші кезекте қорғайды. 

Мадина Қажымова, ҚР СИМ Сыртқы сауда қызметі департаменті директорының орынбасары:

-Мысалы, биыл жұмыртқа импортына тыйым салынды, себебі ресейлік жұмыртқалар нарыққа көп кірді. Бұл тыйым алты айдан бері күшінде. Жұмыртқа өндірушілер қауымдастығы бағаны тұрақты ұстау міндетін алды. Сол сияқты отандық өнімді қорғау үшін ірі және ұсақ қара малды экспортқа шығаруға да тыйым салынған. Осы шаралар арқылы қажетті мақсатқа жетуге тырысып жатырмыз.

«Жалпы айтылған мәселе мұқият тыңдалып, ескерілуде»,– дейді жауапты министрлік мамандары. Олар бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастырып, отандық өндірушілердің мүддесін қорғау үшін күш салмақ. 

Диана Қадыр, Болотбек Табалдиев