Президент бастамалары Қоғамдық палата талқысында. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов және реформалар мен стратегиялық жоспарлау агенттігінің төрағасы Әсет Ерғалиевтің қатысуымен палата отырысы өтті. Күн тәртібіндегі ең маңызды және Президенттің жеке бақылауындағы міндеттің бірі – елдің цифрлық трансформациясы жасанды интеллектіні енгізу. Депутаттар жуырда тиісті заңды қабылдады. Ендігі меже – Цифрлық кодекс. Мәжіліс төрағасы Мемлекет басшысының бизнес саласындағы қолданыстағы заңнаманы түгел тексеріп, зерделеу туралы тапсырмасына Қоғамдық палата мүшелерінің назарын аударды. Осы бағытта кәсіпкерлерге арналған заңнамалық базаны жақсартатын нақты ұсыныстар керегін айтты. Тағы бір маңызды міндеттің бірі – бір палаталы Парламентке көшу.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
-Қазір бір палаталы парламентке қатысты қызу талқылаулар жүріп жатыр. Бұл үлкен пікірталастың басы ғана. Мемлекет басшысы алдағы парламенттік реформаны жан-жақты талқылау міндетін қойғанын жақсы білесіздер, бұл ретте Қоғамдық палатаның осы пікірталастың басты бастамашысы және ұйымдастырушысы рөлі міндетін атқарғаны дұрыс болады ғой деп ойлаймын. Осылайша Қоғамдық палата Жалпыұлттық талқылауды тікелей өзі бастап, алдағы реформаны қолдауға тиіс.