Қазір Қылмыстық кодекске енгізілген түзетулерді түсіндіру жұмысы жүріп жатыр. Мәжіліс депутаты Абзал Құспан алматылық полиция қызметкерлерімен кездесіп, осы жаңашылдық туралы айтып берді. Сталкинг пен дропперлік туралы норма бұрын ТМД елдерінде болған жоқ. Депутаттар батыс елдерінің тәжірибесін негізге алыпты. Мысалы, сталкингке қатысты бапты енгізу үшін Канадаға барып қайтқан. Арызды тіркеуден бастап, сотқа дейінгі процессі толық зерттеліпті. Бұл өзгеріс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында айтылған «Заң және тәртіп» қағидаты аясында жүзеге асырылып жатыр.
Абзал Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Біз батыс елдеріндегідей бірден ауыр бап ретінде кіргізбеуді жөн көрдік. Өйткені бұл жаңа норма, адамдардың санасында әлі қылмыс деген түсінік жоқ. Олар қалыптасқан әдет бойынша, қалыптасқан дағды бойынша сол әрекеттерді жасай беруі мүмкін. Сол себепті мұны біз қылмыстық теріс қылық дейміз. Ең максимальды жаза шегі 50 тәулікке дейін қамауға алу.