Енді елдегі ең төменгі жалақы халықаралық стандарттарға сәйкес есептеледі. Бүгін сенаторлар дамушы мемлекеттердің жағдайын ескере отырып, минималды айлықты реттеу туралы конвенцияны ратификациялады. Құжатқа сәйкес жалақы жұмысшы мен оның отбасының нақты қажеттіліктеріне негізделеді. Сондай-ақ заңмен қорғалып, еңбекақының төмендеуіне жол берілмейді. Сонымен қатар Қазақстан мен Қатар арасындағы жұмысқа орналастыру туралы келісім ратификацияланды. «Бұл құжат біздің азаматтардың құқығын қорғап, олардың қауіпсіз әрі заңды жұмыс істеуіне мүмкіндік береді»,- дейді сенатор.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Қаралған келісім Қазақстан азаматтарының Қатар мемлекетінде жұмысқа орналасуы үшін құқықтық негіз қалыптастыру үшін әзірленген. Атап айтқанда, Қатар мемлекетінде жұмыс істейтін жерлестеріміздің жол мен баспана шығындары шақырушы тарап есебінен өтелетін болады. Сондай-ақ еңбек демалысы мен медициналық қызметпен қамтамасыз ету жұмыс берушіге жүктеліп отыр.
Қазір Қазақстанда еңбек ететін 800 мыңға жуық азамат ең төменгі жалақы, яғни 85 мың теңгеге жұмыс істейді. Олардың дені - ауыл шаруашылығы саласының мамандары.