Бүгін Алматыда Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалық етуімен «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» атты жеті томдық академиялық басылымды әзірлеуге қатысты редакция алқасының кезекті отырысы өтті. Жиында Қазақстан тарихының Алтын Ордаға арналған үшінші томы бекітілді. Жұмысты қорытындылаған Мемлекеттік кеңесші отандық тарих ғылымындағы Алтын Орда тақырыбының маңызына тоқталды. Сондай-ақ жиында жеті томдық еңбектің төртінші томының мазмұны талқыланды. Авторлар ұжымның жетекшісі, тарих ғылымдарының докторы Меруерт Әбусейітова және томның үйлестірушісі, тарих ғылымдарының докторы Зиябек Қабылдинов басылымның тұжырымдамасы, мазмұны және құрылымы туралы баяндама жасады. Олар «Қазақ хандығы» деп аталатын төртінші томның ерекшеліктері мен жаңалығын атап өтті. Сонымен қатар тарих ғылымдарының докторы, профессор Еркін Әбілдің, тарих ғылымдарының кандидаты Күлғазира Балтабаеваның рецензиялары тыңдалды. Сондай-ақ Мәмбет Қойгелдиев, Айдос Сарым, Оразақ Смағұлов, Ханкелді Әбжанов сияқты редакция алқасының басқа да мүшелері өз ой-пікірін ортаға салды. Жиын соңында редакция алқасы төртінші томды жетілдіру жұмысын жалғастырып, келесі отырыста қарастыру жөнінде шешім қабылдады.