Триллиондаған теңгенің инвестициялық жобалары мен мыңдаған жұмыс орындары. Мемлекет басшысының Қызылорда облысына сапары жалғасуда. Биыл сыр еліне 720 млрд теңгенің инвестициясы тартылса, оның 70% жеке инвестиция. Яғни іскерлік белсенділіктің артқанын аңғару қиын емес. Биылдың өзінде 27 жаңа жоба іске қосылады деп күтілуде.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыр еліне сапары «Қорқыт ата» халықаралық әуежайының жаңа терминалымен танысудан басталды. Әуежай ішкі және халықаралық әуе рейстерін атқарады.
Президентке жолаушыларды тіркеу және тексеру аймақтары, шекаралық-кедендік бақылау пункттері, күту залы, сондай-ақ автоматтандырылған жүк беру жүйесі көрсетілді. Былтыр қараша айында ашылған жаңа терминал жеке инвестордың қаражатына салынды. Жалпы құны 16,6 млрд тг. Ал нысанның инженердік-коммуникациялық инфрақұрылымына бюджет есебінен 4,3 млрд теңге бөлінген. Қорқыт ата атындағы жаңа әуежайдың өткізу қабілеті жылына 300 мыңнан 500 мың жолаушыға дейін ұлғайды. Аптасына 29 рейс орындайтын әуе айлағы халықаралық әуе һәм көлік стандарттарына сай.
Мұнан соң облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда өңірінің әлеуметтік экономикалық дамуы жөнінде есеп берді. Президенттің 2029 жылға дейін 150 млрд доллар инвестиция тарту тапсырмасы бар. Бұл ретте Сыр елі қамшы салдырмай келеді.
Инвестиция тарту қарқыны 233% артып, 1,6 трлн тг қаражат тартылса, 2028 жылдың соңына дейін жалпы құны 2 трлнға жететін 90 жоба сүйемелденуде. Олар 11 мыңға дейін жаңа жұмыс орнын құруға жол ашады. Ал биылға келсек 720 млрд теңгеден астам қаражат тарту көзделген, одан бөлек 27 жоба іске қосылуы тиіс. Олардың тоғызы халықтың игілігіне берілді.
Шахмардан Байманов, облыс әкімінің орынбасары:
-Қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау саласы, экологиялық саладағы жобаларды айтатын болсақ, ол бізде оңтүстік кореялық 38 млрд тг тартатын, 3 кезеңді жаңа технологиялы, оны өртеп сұрыптап және соны жасалған бумен электр қуатын смарт ферма арқылы жылыжай жобасы да бар. Оны ары қарай сұрыпталған шыны қалдықтарын қолданатын бөтелке шығаратын жаңа неміс технологиясын тарта отырып біз 60 млрд теңгеге сондай жобаны іске асыруды бастадық. Аймақ басшысы сондай-ақ «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстармен бірге өңірдің бас қаласы мен елді мекендерді абаттандыру жөнінде мәлімет берді.
Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:
-Аудандарда, елді мекендерде абаттандыру жұмыстары, көгалдандыру, парктерді қайта жаңғырту жұмыстары қазір қарқынды жүруде. Алдағы уақытта да бұл жұмыстарды жалғастырамыз. Бұл менің жеке бақылауымда болады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жалпы облыстың дамуы жақсы, жақсы қарқынмен дамып келе жатыр. Жалпы бәрі дұрыс сияқты.
Мемлекет басшысы Көп функционалды Өнер орталығының жұмысымен танысты. Құрылысына 3,7 млрд теңге жұмсалып, былтыр наурыз айында ашылған орталық мың орынға арналған концерттік залы эстрада, симфония және ұлттық өнер бағытында жұмыс істейді.
Мүсілім Әмзе, облыстық симфониялық оркестрдің көркемдік жетекшісі және бас дирижері:
-Бізде мұндай 1000 орындық концерт залы болған емес. Қазір енді көріп отырсыздар, мына жарықтандыру болсын, дыбыс аппараттары болсын, сахнаның кеңдігі және акустикалық, бүкіл жағдайдың бәрі жасалды.
Былтыр руханият жылының аясында Қызылорда өңіріндегі мәдениет саласының қызметкерлеріне 40-тан астам пәтерлер берілсе, оның 10-ы осы симфония оркестрінің музыканттарына бұйырған. Бұндай қамқорлық өз кезегінде жақсы тенденцияға жол ашып отыр. Алматының консерваториясын тәмамдаған Қызылордалық өнерпаздар сонда қалып қоймай өңірге оралуда.
-Олардың бәрінің басын қосып, бізде осындай үлкен көркем ұжымның болуы бұл бір жағынан заман талабы деп қарасақ та болады. Екінші жағынан біздің әлеуетіміз жетіп тұрса, неге оны ашып көрсетпеске?! Енді біз опереттаны ойнап көрсетіп жатырмыз. Алдағы уақытта, опера балет театры да ашылуы мүмкін.
Айта кету керек, 2022 жылдан бері облыста 18 мәдениет нысаны жаңадан салынды. Барлық 7 ауданда «Руханият орталықтары», музыкалық колледждің жаңа ғимараты, облыстық тарихи-өлкетану музейімен қатар шалғай елдімекендерде мәдениет үйлері бой көтерді.
Сапар аясында Президент Қызылорда жұртшылығымен кездесіп, бұйымтайларын тыңдады.
Абзал Ералиев, Қазақстанның Еңбек ері:
-Биыл енді диқандардың жұмысында үлкен қиыншылықтар болды, бірақ дер кезінде өздеріңіз тарапынан қабылданған шешімнің арқасында ол егіс толығымен сумен қамтмасыз етілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан республикасының президенті :
-Су тапшылығына баса назар аударамыз. Келешекте де су мол болады дей алмаймыз. Оған дайын болуымыз керек. Су үнемдеудің жоғары технологиясын қолданғанымыз жөн. Мемлекет субсидия беріп жатыр. Биыл ауыл шаруашылығына 1 триллион берді. Бұл үлкен мүмкіндік.
Жұртшылықпен жүздесуде Мемлекет басшысы өңірде көп жұмыс атқарылатынын, алда әлі ауқымды міндеттер тұрғанын айтып, облыс басшысына риза екенін жеткізді. Мұнан соң Қасым-Жомарт Тоқаев балалар мен жасөспірімдерге арналған «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясына барды. Биыл мамыр айында пайдалануға берілген кешенде бассейн, спорт түрлеріне арналған жаттығу залдары, шығармашылық студиялар мен зертханалар бар. Әкімдіктің келтірген мәліметке сәйкес қосымша білім беру жүйесін дамыту аясында 2022 жылдан бастап Жаңақорған, Жалағаш және Шиелі аудандарында Оқушылар үйі мен Шығармашылық мектептері бой көтерген. Былтыр облыс орталығында заманауи Оқушылар сарайы ашылса, кәсіптік білім беру және жұмысшы мамандықтары бойынша құзыреттілік орталығының құрылысы басталды. Оның сыртында Президент саябағында балалар сауықтыру лагері мен қысқы бақ салынып жатқаны баяндалды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы «Қызылорда-нан» цехына барды. Нан-тоқаш, кондитерлік және макарон өнімдерін өндіретін кешен осы айдың басында ғана іске қосылды. Жобаның жалпы құны 5,6 миллиард теңге. Өндіріс толығымен автоматтандырылған.
Ескендір Ержан, кәсіпорын құрылтайшысы
- Бұл жерде 120 адам жұмыспен қамтылды. Мемлекеттік қолдау шаралары болды. 5 гектар жер берілді. 70 млн теңгеге инженерлік инфрақұрылымдар тартылып берілді. Банктен алынған 1 млр 200 млн теңгеге субсидия жасалды. Өзіміздің өнімдерді шығаруға ұн өнімдері қажет. Ол жылына 9 мың тоннаны құрайды. Осы мақсатта біз екінші кезеңді қарастырып отырмыз. Оның жобалық құны 2 млрд 500 млн теңгені құрайды. Ол жерде тағы 50 адам жұмыспен қамтылатын болады.
Қызылорда халқы үшін ақ түйенің қарны жарылды дей берсе болар, сірә. Ұзақ жылдар бойы облыс орталығы тұрғындары ыстық судан қағылып келді. Президенттің тапсырмасы 215 млрд теңгемен түркиялық компанияның инвестициясы, енді ыстық су бар. Президент жаңадан бой көтерген Жылу электр орталығына барды. Жобаның жалпы құны 215 миллиард теңге. Түркиялық Aksa Energy компаниясының инвестициясы. Қазіргі кезде негізгі агрегаттар, атап айтқанда, әрқайсысының қуаты 176 мегаватт болатын екі газ турбинасы, қуаты 95 мегаватт бу турбинасы, өнімділігі сағатына 120 тоннаға жететін екі бу қазандығы, қуаттылығы сағатына 150 гигакалорияны құрайтын төрт су қыздыру қазандығы орнатылып, толық монтаждалған.
Бақыт Жаханов, облыс әкімінің орынбасары:
- Бұл 240 мВт электр энергия және 270 Гкал жылу беретін болады. Бұл дегеніміз қаланың тек қана жылу мәселесін ғана емес, сонымен бірге ыстық су мәселесін толық шешеді. Себебі бұл жерде құрамында бізде жылу қазандықтары да бар және пара бу генераторлары бар. Яғни айтқан кезде облыстың толыққанды өзіміздің қажеттігімізді қамтамасыз етеді. Артынан енді басқа басқа облыстардың да қажеттігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жалпы алғанда өңірдің әлеуметтік экономикалық даму қарқыны жоғары. Мәселен, сыр елі биыл жалпы өнім өндіру көлемін жыл аяғына дейін 3,7 трлн теңгеге дейін жеткізуді межелеп отыр. Ол 6,5 пайыздық экономикалық өсімге жол ашады.
Берік Дүйсенбай, Айдос Меделбеков, Досхан Қораз