Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Америкаға сапары барысында мәлім болды. Екі ел қарым-қатынасы, әрі қарай өнеркәсіп, кен игеру, бизнес және өзге де салаларда көрініс таппақ. Келісімдер бекіп, қолға алынатын нақты істер айқындалды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Вашингтонға сапары келелі кездесулерден басталды. Мемлекеттік хатшы Марк Рубиомен, Сауда министрі Говард Латникпен, сондай-ақ АҚШ Президентінің Оңтүстік және Орталық Азиядағы арнайы өкілі Серджио Гормен жүздесуде Президент стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға мүмкіндік туғанын атап өтті. Екі ел арасында белсенді саяси байланыс орнаған. Тараптар ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге дайын. Бұл туралы Мемлекет басшысының АҚШ Конгресі Өкілдер палатасының мүшелері Джимми Панетта, Кэрол Миллер, Билл Хайзенга және Сидни Камлагер-Давпен кездесуінде де айтылды. Парламент өкілдері еліміздің дамуына жоғары баға беріп отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:-АҚШ – Қазақстанның ең ірі инвесторларының бірі. Құрама Штаттар еліміздің экономикасына 100 миллиард доллардан астам қаржы құйған. Бұл Орталық Азияға бағытталған жалпы инвестицияның 80% тең.Президент Америка сенаторы Стив Дэйнсті де қабылдады. Кездесуде Қазақстан мен АҚШ арасындағы ынтымақтастық пен парламенттік дипломатияның рөлі талқыланды. Екіжақты қатынастың басым бағыттары жөнінде пікір алмасып, өзара серіктестікті нығайту туралы сөз болды. Кездесу соңында Президент Стив Дэйнсті Қазақстан мен АҚШ арасындағы достықты дамытуға қосқан үлесі үшін І-ші дәрежелі «Достық» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдағанын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:-Сізбен Вашингтонда, Колумбия округінде кездескеніме зор қуаныштымын. Бұл кездесуге өте ризамын. Біз сізді Қазақстанның сенімді серіктесі әрі досы ретінде жақсы танимыз. Сізбен өзара байланыстарымызды одан әрі дамытуға мүдделіміз және Қазақстан мен Америка Құрама Штаттарының ынтымақтастығы зор әлеуетке ие екеніне сенемін. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстан Республикасына арналған ресми жазбаны Конгресске енгізгеніңіз үшін шынайы алғысымды білдіргім келеді. Бұл маңызды әрі символдық қадамды біз жоғары бағалаймыз.
Америкалық алпауыт компаниялар да Қазақстанмен байланысты арттыра түсуге мүдделі. Мемлекет басшысы елімізде мұнай мен газды игеруде ауқымды үлес қосқан Chevron корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы Майкл Уиртті де қабылдап, Қазақстанның өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін айтты. Сондай-ақ екі ел арасында аса маңызды минералдар саласы бойынша ынтымақтастық жөніндегі түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Ал әйгілі John Deere компаниясы «Агромаш» зауытымен бірлесіп, ауыл шаруашылығы техникасын біздің елде құрастыратын болады. Бұл туралы компанияның ТМД және Орталық Азия елдері бойынша президенті Чабо Лейкомен кездесу барысында мәлім болды. Келісім бойынша алдағы 5 жылда 3 мыңға жуық John Deere техникасы өндіріліп, кемінде 3 сервис орталығы ашылады. Биыл мамыр айынан бері зауытта 290-нан астам техника жасалған, жыл соңына дейін тағы 100 бірлік шығарылмақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:-Біздің ел компанияңызбен әрі қарай ынтымақтастық орнатып, тығыз байланыс орнатуға ниетті. Маған берілген мәлімет бойынша қазіргі таңда біз 2000-нан астам John Deere техникасын сатып алғанбыз. Алдағы жоспар бойынша тағы 3000 бірлік алу көзделіп отыр. Сондықтан бұл жұмысты жалғастыру қажет деп санаймын және сізге Қазақстан Үкіметі мен өз атымнан толық қолдау білдіретінімді айтқым келеді. Вашингтонға сапары аясында Мемлекет басшысы еліміздің атын әлемге әйгілеп жүрген дарынды IT мамандармен де жүздесті. Президентке кинематография саласында жасанды интеллектіге негізделген алғашқы «сыңармүйіз» стартапы, биотехнология, автономды дрондарды әзірлеуші, машиналық оқыту моделдері бойынша озық өнертабыстар паш етілді. Жобалардың жалпы құны 1,4 миллиард доллар. Мемлекет басшысы отандық компаниялардың жетістіктерін жоғары бағалап, алдағы үш жылда Қазақстанды толық цифрлық елге айналдыру жөніндегі стратегиялық міндеттің маңызын атап өтті. Ал бұл сапардан кейін Қазақстан мен АҚШ-тың байданысы енді түрлі салада жанданбақ. Тіпті АҚШ Президенті елімізге келуі де мүмкін. Бұл туралы арнамыздың тілшісі Ердана Ержанұлының қойған сұрағына жауап беру кезінде Дональд Трамп айтты.
Ердана Ержанұлы, 24KZ арнасының АҚШ-тағы тілшісі:
- Қазақстан мен АҚШ жалпы құны 17 миллиард долларды құрайтын келісімдер жасады. Ол авиация, минералды ресурстар және цифрлық технологиялар секілді бағыттарды қамтиды. Сіздің ойыңызша, бұл серіктестіктің қай саласы маңызды? Екінші сұрақ. Трамп мырза, Сізді Қазақстанға келген алғашқы АҚШ Президенті деп қашан айта аламыз? Біздің елге қонақ болу жоспарыңызда бар ма?
Дональд Трамп, АҚШ президенті:
- Қазақстанға келуім әбден мүмкін. Барлық сала өте маңызды деп санаймын. Бір жылдан кейін не болатынын білмейміз. Сіздің табиғи ресурсқа бай еліңіз, сондай-ақ парасатты Президентіңіз бар.
Екі елдің қарым-қатынасы жаңа сатыға көтерілмек. Қазірдің өзінде әлем сарапшылары осылай деп отыр.
Әнуарбек Мырзатайұлы