Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің төрағалығымен «Қазақстан–ЕуроОдақ» диалогтік платформасының 18-ші отырысы өтті. Кездесуде инвестициялық ахуалды жақсарту және іскерлік байланыстарды кеңейту мәселелері талқыланды. Еуропалық Одақ - еліміздің ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі. Биыл 9 айда екіжақты тауар айналымы 33 миллиард доллардан асты. Қазіргі таңда Қазақстанда 4 мыңнан астам еуропалық компания жұмыс істейді. Сондықтан Премьер-министр Қазақстанның еуропалық бизнес үшін ашық әрі сенімді серіктес екенін атап өтті. Ал одақ елшілері энергетика, цифрлық технологиялар, көлік және ауыл шаруашылығы салаларында серіктестікті тереңдетуге дайын екендерін жеткізді.