Қазақстан мен Түрікменстан қылмысқа қарсы әріптестікті нығайтады

  • 6
  • 13.11.2025, 19:32

Құжатта қылмыстардың алдын алу, анықтау, ашу және тергеп-тексеру жөніндегі бірлескен шаралар көзделген. Заңбұзушылықтың түрлері де нақты көрсетілген. Мәселен, тізімде ұйымдасқан қылмыс, терроризм мен экстремизм, есірткі, қару-жарақ, адам саудасы, экономикалық және киберқылмыстар да бар. Қазақстан бұған дейін Болгария, Мажарстан, Қытай, Өзбекстан, Франция секілді жиырмадан астам елмен осындай келісім жасасқан. 

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Қаралған заң елдеріміздің қылмысқа қарсы бірлескен шараларын жүзеге асыру үшін құқықтық негіз қалыптастырады. Келісімде өзара іс-қимыл бағыттары қамтылған. Сондай-ақ өзге де маңызды бағыттар бойынша уәкілетті органдар арасындағы серіктестікті тереңдету тетіктері қарастырылған. Жалпы бұл заң екі елдің қылмысқа қарсы ынтымақтастығын нығайтуға өз үлесін қосады деп сенеміз.

Радиоактивті материалдарды қауіпсіз тасымалдау

Сондай-ақ Сенат депутаттары радиоактивті материалдарды тасымалдауға қатысты заңды мақұлдады. Құжатта аталмыш өнімді құрлық, су және әуе арқылы трансшекаралық жеткізудің тәртібі мен ережесі қамтылған. Еліміз уран қорына бай. Оны өндіру бойынша да әлемдік көшбасшылар қатарындамыз. Міне, соны экспорттау кезінде экология мен адамдарға зиянымыз тимеуі тиіс. Ал бізде жыл сайын оннан астам жүк жөнелтіледі. Тұтынушылар қатарында Канада, АҚШ, Румыния, Ресей, Аргентина, Үндістан сияқты мемлекеттер бар.