Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасы жаңа деңгейге көтерілді

  • 7
  • 13.11.2025, 19:39

Екі ел президенті маңызды декларацияға қол қойды. Ал Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 30 млрд АҚШ долларына дейін жетуі мүмкін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей Федерациясына мемлекеттік сапары аясында қос ел үшін маңызды бірнеше келісімге қол жетті.

Келесі жылы Ресей елімізге тағы бірнеше амур жолбарысын жеткізеді. Президенттің мемлекеттік сапары аясында осындай келісім жасалды. Құжатқа сәйкес, тараптар жануарды жеткізуге бірге дайындалып, оның бейімделуіне күш салады. Одан бөлек, Ақтау қаласында Ресейдің Бас консульдығы құрылады. Мектеп ашуға да қатысты келісім бар. Екі елде де қазақ-орыс білім беру ұйымдарын ашылуы мүмкін. Яғни қос тараптың білім беру стандарттары ескеріледі. Осы ретте елімізде Ресейдің медициналық жоғары оқу орнының өкілдігін ашу мәселесі пысықталып жатыр. Алматыда демеушілердің қолдауымен танымал «Сириус» мектебінің филиалы ашылады. Ал тауар айналымы 28 млрд доллардан асқаны баршаға аян. Енді екі елдің билігі бұл көрсеткішті 30 миллиард долларға дейін жеткізуге уағдаласып отыр. Бұл межеге жетуге барлық мүмкіндік бар. 175 бірлескен жоба жүзеге асырылуда. Соның бірі атом электр стансасы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Менің ойымша, бұл қол жеткізуге болатын көрсеткіш. Таяу келешекте мақсатымызға орындалады деп ойлаймын. Ресей Федерациясымен атом энергиясы саласындағы ынтымақтастыққа айрықша тоқталғым келеді. Көп ұзамай «Росатоммен» станса құрылысын бастауға мүмкіндік беретін өте маңызды келісімдерге қол қоямыз. Бұл серпінді жоба. Өйткені атом электр стансасы ғана салынбайды, мүлдем жаңа сала пайда болады.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей Федерациясына мемлекеттік сапары аясында мемлекеттер басшылары Орал қаласында өткен  «XXI Қазақстан – Ресей» өңіраралық форумының пленарлық сессиясына бейнебайланыс арқылы қатысты. Биылғы өңіраралық форумның басты тақырыбы жұмысшы мамандықтарына арналды. Қазақстан мен Ресей еңбек адамдарына ерекше мән беріп отырғаны бекер емес. Екі елдің бірлескен жобасы да, жоспары да көп.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Осы бірегей алаңда экономикалық, инфрақұрылымдық және гуманитарлық бағыттағы тың жобалар дүниеге келіп, кейін өңірлік деңгейде кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатады. Мұның маңызы зор. Өйткені экономикалық өсім және өнеркәсіп, ғылым, білім, мәдениет салаларындағы ынтымақтастық ең әуелі өңірлерде қалыптасады.

Қазақстан мен Ресей – өзара сенімді, уақыт тезінен өткен стратегиялық серіктестер әрі одақтастар. Сондықтан мұнда өңір болып әрекет ету маңызды.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:

- Өңіраралық байланыс – екіжақты қатынастың берік іргетасы. Олар экономика, сауда, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы, цифрлық технологиялар сынды көптеген саланы қамтиды. Ресей Федерациясында 89 өңір болса, соның 76-сы Қазақстанның 17 облысымен тікелей байланыс орнатқан.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының мемлекетаралық қарым-қатынасын жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық деңгейіне дейін жеткізу жөніндегі декларацияға қол қойды. Бұл осы сапар аясындағы маңызды құжат болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл құжаттың тарихи мәні зор. Халықтарымыз арасындағы мызғымас өзара сенім мен ынтымақтастықтың келешегі кемел екенін көрсетеді. Осы орайда екіжақты байланысты нығайтуға елеулі үлес қосқаны үшін Владимир Владимирович Путинге шынайы ризашылығымды білдіремін. Бұл келіссөздер нәтижесін жоғары бағалаймын. Кездесуіміз ашық әрі сенімді рәуіште өтті және нақты пайдасын берді.

Ресей – Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі. Өткен жылы Ресей инвестициясы рекордтық деңгейге жетіп, 4 миллиард долларды құраған. Ал осыған дейін Қазақстанға салынған ресейлік инвестицияның жалпы көлемі 27 миллиард доллардан асқан. Өз кезегінде Қазақстан Ресейге тоғыз миллиардқа жуық инвестиция құйды. Сондықтан сапар аясында ел игілігіне жарайтын келісімдерге қол жеткізілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Өнеркәсіп, энергетика, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, жоғары технологиялар, цифрландыру, гуманитарлық ықпалдастық, сондай-ақ жаңа инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру мәселелеріне баса мән бердік.

«Солтүстік – Оңтүстік», Транскаспий халықаралық көлік бағдары, «Аягөз – Бақты», «Достық – Мойынты» теміржол желілері және басқа да жобалардың мүмкіндігін кезең-кезеңімен кеңейту жайы қаралды. Бұдан бөлек, тараптар мұнай мен оның өнімдерін, көмір, электр энергиясын өндіру, тасымалдау және жеткізу бағыттарындағы серіктестікті нығайтуға келісті. Ал газ саласында Қазақстанның Ресеймен шекаралас өңірлерін көгілдір отынмен қамту, сондай-ақ үшінші елдерге тасымалдау мәселелерін егжей-тегжейлі талқыланды. Сапар аясында қол қойылған бірқатар құжат елдеріміздің ғарышты игеру, атом энергиясын, арнайы экономикалық аймақтарды және креативті индустрияны дамыту бойынша айтарлықтай ілгерілеуіне мүмкіндік бермек. Білім және мәдени-гуманитардық байланыстар одан әрі беки түспек. 

Алуа Маханбет