Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерімен бүкпесіз әңгімелесіп, шалғайдағы ағайынның мұң-мұқтажын тыңдады. Қалың қарашаның көкейтесті тақырыптары талқыланған отырыста бірқатар тапсырма берілді. Енді ауыл бюджеті молайып, түсімдер көбейді. Тиісінше, елді мекендер ауданға қол жаймай, өз қаржысын өзі игереді.
Ал Үкімет сайланған басшылардың жауапкершілігін күшейтуді қолға алады. Одан бөлек, аудан әкімдерін сайлау уақытша тоқтады. Мұның себебі неде? Президентке ауыл әкімдері не айтты?
Бұл жүздесу ауыл мен Ақорданың арасын жақындатты. Шалғайдағы үнді, көкейдегі мұңды орталыққа жеткізді. Таптаурын бұзылды, қағаздағы ереже қызыл бояумен сызылды. Ауыл-аймақтағы мәселе Президентке протоколсыз жетті. Шара басында Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдерді бүкпесіз әңгімеге шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Біз күн сайын, ай сайын осы форматта жиналып отырмаймыз. Сондықтан енді өзекті мәселе айтылып жатыр. Әкімдерге міндетті түрде сөз беруіміз керек. Процедурадан тыс.
Елдегі барлық ауыл басшыларының 80% осында. Алғашқы кездесу, сондықтан регламент қағидалары көбіне таңсық. «Мұндай мүмкіндік күнде келмейді, көкейдегіні айтыңдар» деген соң түйіткілі барлар түрегелді. Жасы да, жасамысы да жасымады.
Нұрлан Назарханов, Абай облысы Шұғылбай ауылдық округінің әкімі:
-Ауыл шаруашылығы малының 70% жекеменшік қолында. 30% шаруақожалықтарында. Жердің 90% шаруа қожалықтарында 10-ақ пайызы жекеменшікте. Бұл парадокс.
Жерді әділ бөлу керек деген ұсыныс қолдау тапты. Одан бөлек, ауыл әкімдеріне қатысты заңды өзгерту бастамасы көтерілді. Қолымыз байлаулы, алаңсыз жұмыс үшін еркіндік керек деген атқамінерлердің мұңы көп. Тіпті кейде өз міндеттеріне жатпайтын жұмысты атқарады.
Медет Бекжанов, Ақтөбе облысы Тәңірберген ауылдық округінің әкімі:
-Бізді заңсыз мал жою немесе жол көлік оқиғалары үшін әкімшілік айыппұл жазуға міндеттейді. Шын мәнінде әкімдерден тергеу мен іздестіру элементтері талап етіледі. Сонымен қатар қатаң әкімдер қаңғыбас жануарларды ұстау, атумен айналысуға мәжбүр.
Бұл жерде шалғайдағы бұқараның да, биліктің де базынасы бар. Ең бастысы, айтылған сөз жерде қалмайды. Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдерді мұқият тыңдап, әр сөз ескерілетінін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: -Айтылған ой-пікірлерді және ұсыныстарды мұқият зерделеп, жұмыс барысында міндетті түрде ескеру қажетБұл әкімдердің денін халық таңдаған. Президент бастамасымен 5 жыл бұрын ауыл әкімдерінің сайлауы басталды. Содан бері тұрғындар 2334 елді мекеннің басшысын дауысқа салды. Олардың орташа жасы 43. Жаңадан сайланған әкімдердің үштен бірі бұрын мемлекеттік қызметте болмаған. Президент олардың жұмысына жоғары баға берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: -Ауылдардың кірісі көбейді, мемлекет тарапынан берілетін қаржыға, яғни дотацияға тәуелділік азайып келеді. Жақында жүргізілген сауалнамаға сәйкес ауыл тұрғындарының 84% өз әкімдеріне сенетіні анықталды. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Сондықтан ауыл әкімдерін сайлау үдерісі алдағы уақытта да жалғасын табады. Бұрын әкім десе көз алдымызға қабағы қатулы, дауысы жуан, шашына ақ түскен егде азамат еске түсетін. Сөйтсек, әкім әртүрлі болады екен. Халық қаласа хан түйесін сояды деген осы шығар?! Жұртшылық аттай қалаған атқамінердің бірі - тиктоктағы тұрғындармен дос әкім.Арыстанбек Әбілқайырұлы, Талғар қаласының әкімі:-Тиктоктың пайдасымен халықпен тығыз байланыстамыз. Енді бірі – 25 жасында ел басқарған жас әкім.Сұңғат Амангелдиев, Түркістан облысы Жаңаауыл ауылдық округінің әкімі: -Сайлауалды бағдарламамызға сәйкес 90% жуық берілген уәделерімізді орындап, 3 жылға жуық қызмет етіп келе жатырмын.Тағы бірі – көпбалалы, бұрын шенеунік болмаған, санасы бюрократиядан бос әкім.Нұрлан Жүгінісов, Ұлытау облысы, Қоскөл ауылдық округінің әкімі:-Елге қызмет жасау үшін бәріне үлгеруге дайын болу керек, ауыл іші де, отбасы да.Ең бастысы, әкімдері сайланған ауылдар қарқынды дамып келеді. Жергілікті билік пен бұқараның арасында шекара жоқ. Тиісінше, кез келген мәселе ашық талқыланады. Мысалы, Сыр өңіріндегі Ақжар ауылының инфрақұрылымына кейінгі 5 жылда 1 млрд теңге тартылған. Оған демеушілер құйған 200 млн теңгені тағы қосыңыз. Ауыл әкімі мұны халықпен бірге атқарылған жемісті жұмыспен байланыстырады.Нұржамал Тұрсынбаева, Қызылорда облысы, Ақжар ауылдық округінің әкімі:-Сайланбалы әкімге халық бірден өзі бара береді. Қабылдауыңды күтпейді. Ашықтық бар. Келеді де мәселесін айта береді. Солармен санасуға тура келеді. Сіз сайланғаннан кейін сіз оларға да айта аласыз. Мен мына мәселені шеше алмай тұрмын. Мына мәселені қалай шешеміз? дегенді тікелей айта бересіз.Ал батыстағы Қарақұдық ауылының әкімін ақсақалдар ұсынған. Кейін халық қолдап, басшы атанды. Қазір тұрғындардың көңілі тоқ.Төрехан Төлегенов, БҚО Қарақұдық ауылдық округінің әкімі:-Өздері сайлағандықтан бізге мұң-мұқтаждарын тікелей айтуға ауылдағы мәселелерді тікелей көтеруге ықпалы тиіп жатыр. Өте жақсы қабылдады халық. Сайлаудың кері әсері де бар. Кей аймақта істің емес, сөздің адамдары жеңіп жатыр. Бос уәдені үйіп-төгетін сөзі жылмаң, бойы бұлғаң популист аз емес. Осы орайда Президент Заңға әкімнің жауапкершілігін нақтылайтын норма еңгізуді тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:-Уәдесін орындамайтын, міндетін дұрыс атқармайтын ауыл басшысын қызметінен босату тетіктері қарастырылуы қажет. Ондай әкімдер халықтың талабымен немесе саяси партиялардың ұсынысымен жұмыстан шығарылуға тиіс. Сонда әкім болуға үміткерлер де елге экономикалық негізі жоқ құрғақ уәде бере алмайды. Ауыл әкімдерін сайлауға қатысты осындай мәселе бар, ал аудан басшылары жайлы айтпаса да түсінікті. Шығыны мен шыжығы көп мәселе туралы көп пікір айтылған. Бүгін Президент нүктесін қойды. Аудандағы саяси науқан уақытша тоқтатылды.Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:-Осыған дейін аудан әкімдерін сайлау тәсілі арқылы 52 әкім сайланды. Енді олардың қалай жұмыс істейтінін қарап көру қажет. Аудан әкімін сайлаудың тиімді-тиімсіз тұстарын мұқият саралау керек. Мәселе аудан әкімдерінің сайлауын міндетті түрде өткізу емес, басты мақсат біз оң нәтижелерге қол жеткізуіміз керек. Сөз арасында Президент ауыл әкімдігінде еңбек ететін азаматтардың жағдайына да назар аударды. Оларды қолдауға ерекше көңіл бөліп, жағдай жасауды тапсырды. Ал әкімдерге халыққа жақын болуды міндеттеді. Міннен қашпай, сыннан сабақ алып жұмыс істеулері керек.Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:-Әкімдер халыққа құрметпен, шыдамдылықпен, түсіністікпен қарап, азаматтармен ашық әңгіме жүргізуге тиіс. Олар барлық мәселені мүмкіндігінше өз деңгейінде шұғыл және сапалы шешуі қажет. Бірақ бұл міндетті атқару үшін жергілікті әкімдердің қолында тиісті құзыреті болуы керек.Өзекті түйіткіл – ауыл бюджеті. Елді мекен жұрты аудан әкіміне қол жаюға мәжбүр. Ал Президент дербестіктің жағында. Кей кәсіпорын салықты ауданға немесе қала бюджетіне төлейді. Мемлекет басшысы бұл қағидатқа теңгерімді тәсілді қолдану керек деді.Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:-Қанша дегенмен жергілікті жерлерге де қандай да бір кіріс түсуі қажет қой. Яғни «салықты жұмыс істейтін және табыс табатын жерде төле» қағидатын іске асырған жөн. Үкіметке берілген тапсырма түсінікті: кем дегенде кірістің бір бөлігі жергілікті жерде қалуға тиіс.Заңды тұлғалар салығының бір бөлігі де, экологиялық айыппұлдар да ауыл қазынасында қалады. Сонда дотация жойылады. Ауыл әкімдері де бюджетті ойлап, жұмысты күшейтеді. Ал халықтың қалтасына келсек, Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселені кооператив шешетініне сенімді.Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: -Бірлестік (кооператив) құру бүкіл ел бойынша жүргізілуі керек. Сонда ғана ауылдағы ағайын бұл жұмыстың игілігін көреді. Жеке шаруалар біріге алмаса, мемлекеттің ауыл шаруашылығын дамыту жолындағы бар еңбегі зая кетеді. Сондықтан бұл жұмысты белсенді түрде қолға алуымыз қажет. Президент әкімдердің өкілеттілігін нақтылап, артық міндеттерді жоюды тапсырды. Форум аясында 5 панельдік сессия өтті. Ауылдың бүгіні мен болашағы сол отырыстарда тыңғылықты талқыланды.Жандос Базартай, AMANAT партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы:-Бүгінгі форумға 2 мыңнан астам ауыл әкімі жиналып тұр. Бұл өте маңызды. Не үшін? Себебі бір-бірімен тәжірибе алмасу, қай деңгейде келе жатыр, басқа ауылдарда үлгілі сондай жобалар бар, сонымен қатар ең негізгі мақсат Президентіміздің әкімдердің міндеті қандай, сол бағыттағы сөзін тыңдайтын болады. Ауыл әкімдері – биліктің бұқараға ең жақын өкілдері. Шалғайдағы ағайынның тынысымен де, тұрмысымен де етене таныс. Ал Президенттің оларды ашық әңгімеге шақыруы ауылдың мұң-мұқтажын төтесінен тыңдаудың белгісі деп түсіндік. Мәселелер айтылды. Енді сөзден іске көшетін уақыт жетті. Осы ретте ауыл әкімдеріне артырған сенім мен жүк орасан.Бекзат Аманов, Асхат Қарақойшиев