Астанада Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті

  • 12
  • 03.12.2025, 18:40

Астанада мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының кезекті отырысы өтті. Жиында болашақ бірпалаталы Парламентті қалыптастыруға қатысты мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, жұмыс тобы мүшелерінің ұсыныстары, сондай-ақ азаматтардың е-Otinish және egov платформалары арқылы келіп түскен бастамалары қаралды. Отырыста жаңа Парламент депутаттарына қойылатын біліктілік талаптары, оларды сайлау тәртібі, саны мен сапалық құрамы, өкілеттілік мерзімі және квотаға қатысты тәсілдер сараланды. Көтерілген бастамалар әрі қарай да егжей-тегжейлі талданып, жүйеленеді. Парламенттік реформаны өткізу жөніндегі негізгі тәсілдерді қалыптастыру ісі жұмыс тобының алдағы отырыстарында жалғасатын болады.

Ерлан Қарин, ҚР мемлекеттік кеңесшісі:

-
15 қарашаға дейін белгіленген мерзімде жұмыс тобының мүшелері және 6 партия атынан Парламенттік реформа мәселесі бойынша арнайы ұсыныстар келіп түсті. Біз бүкіл келіп түскен ұсыныстарды 3 топқа, 3 категорияға бөлдік. Бұл біріншіден, саяси партиялардың ұсыныстары, оларды бөлек шығардық. Жұмыс тобының мүшелерінен келіп түскен ұсыныстарды бөлек жинақтадық. Және е-Otinish, egov платформасы арқылы келген басқа да азаматтардың, жекелеген қоғам қайраткерлерінің атынан келіп түскен ұсыныстарды бөлек жинақтадық. Мемлекет басшысы Жұмыс тобы аясында жинақталған бастамаларды жан-жақты қарастыруды және Парламенттік жүйені жаңғыртуға қатысты ұсынымдар әзірлеуді тапсырды. Бұл жұмыс тобының басты міндеті.