Үкіметте көлік инфрақұрылымын цифрландыру мәселелері талқыланды

  • 6
  • 09.12.2025, 18:34

Биыл жыл басынан бергі 10 айда елімізде 13 мың шақырым жол жөнделіп, салынса, 42 мемлекетпен автокөлік арқылы жүк тасымалын іске асыру жөнінде келісім жасалды. Оның сыртында 5 шақырымға жуық ақылы жолдар желісі қайта жаңартылып жатыр. Үкіметте көлік инфрақұрылымын цифрландыру мәселелері талқыланды. Жыл ішінде атқарылған жұмыстар мен әлі де шешілуі тиіс түйткілдер ортаға салынды. Премьер-министр жолдағы ақпараттық ресурстардың ала-құлалығын сынап, бірқатар тапсырма берді. 

Үкіметтің алдында үлкен міндет тұр. Транспорт саласын цифрлық трансформациялауды жеделдету керек. Жол саласын бірыңғай басқару үшін Е-Жолдар платформасы енгізіледі.
Биыл ұзындығы 1,7 мың шақырым болатын 9 жаңа жол учаскесі іске қосылды. Осылайша ақылы учаскелердің жалпы саны 26-ға, ұзындығы 4 900 шақырымға жетті. Жыл басынан бері 11 айда ақылы жолдардан 79 млрд теңге түсім түскен. Оның сыртында:

Нұрлан Сауранбаев ҚР Көлік министрі:

-Автомобиль жолдары бойынша ағымдағы жылы құрылыс және жөндеу жұмыстарымен 13 мың шақырым жол қамтылды. Республикалық жолдардың 93 пайызы техникалық нормативті жағдайда.  2027 жылдың соңына дейін 37 өткізу пункттерін аяқтау жоспарлануда.

Сонымен бірге жол төсемін сақтау мақсатында оны өлшеп отыратын 220 автоматтандырылған стансаларды орнату жұмыстары жүріп жатыр. Енді жолдардың жай-күйі, тозуы, ақаулар, жөндеу жұмыстарының орындалуы сияқты процесстердің барлығы онлайн жүйеде бақыланады. Ол алдағы жылдан бастап E‑жолдар жүйесінің көмегімен іске асады. Ал көлік тасымал бағытындағы жұмыстарға келсек:

Биыл 10 айда көлік қызметтері 20 пайыздан астам өсім көрсеткен. Оның ішінде транзиттік жүк тасымалы 29,5 млн тоннаға жуықтады. Автокөлік құралдарымен 288 млн тонна жүк тасымалданса, теміржол арқылы 380 млн тоннадан аса жүк тасымалданды. Транспорт инфрақұрылымын цифрландыру шаралары алдағы уақытта автожолдардың өткізу қабілетін 20 пайызға дейін арттырады деп күтілуде. Ал өткізу бекеттерінен өту керісінше 10 минутқа азаюы тиіс. Жасанды интеллектінің көмегімен енді пойыздардың қозғалысын жоспарлау 6 есеге жеделдеп, әуежайларда жүкті өңдеу ұзақтығы 1 сағатқа дейін азаяды деп жоспарлануда. 

Биыл елде 4 375 шақырым теміржолы жөнделді. Оның сыртында 11 мың шақырым темір жолды жөндеу міндеті және бар. Атқарылып жатқан істердің бір парасы көлік саласын цифрландыру болып табылады.Бұл ретте Көлік министрлігі мен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі көлік саласының цифрлық трансформация картасын бірігіп әзірлепті. Ол келесі міндеттерді көздейді.

Ростислав Коняшкин, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі:

-2027 жылға дейін 10 халықаралық әуежайда биометриялық сәйкестендіруді іске қосу. Теміржол бағыттарының 55 пайызына интеллектуалды жүйелер енгізу. 2029 жылға қарай автокөлік өткізу пункттерінде жасыл дәлізді толық енгізу. Бұл шаралар шекарадан өту уақытын қысқартып, жүк пен жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартады және транзиттік әлеуетті күшейтеді.
 

Транзиттік әлеует әзірге қарқынды күшіне енді деуге келмейді. Үкімет басшысы айтқан сын мен берген тапсырма осыны аңғартады. 

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі: 

-Транзиттік жүк тасымалы үшін бәсеке күшейіп барады. Осы орайда көлік-логистика жүйесінің қолда бар әлеуетін белсенді түрде кеңейту қажет. Бірінші кезекте халықаралық көлік дәліздері мен өткізу пункттеріндегі процесстерді жылдам цифрландыру керек. Бүгінде сервистердің барлығы бірдей қосылып жұмыс істеп тұрған жоқ.

Сондықтан көлік министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп 2026 жылдың 1 сәуіріне дейін сервистермен ақпараттық ресурстардың толық интеграциясын аяқтауы қажет.  

Транзиттік әлеуетті арттыруға кедендік өткізу бекеттеріндегі бюрократия қолбайлау десек, қазір бұл бағытта 3 ақпараттық жүйе біріктіріліп, Кеден платформасы енгізілген. Алдағы уақытта жемісін беруі тиіс жүйе қазірден тиімділігін көрсете бастапты. 

Мәди Тәкиев, ҚР Қаржы министрі:

-Рәсімдеу уақыты қысқартылды. Мысалы, транзит 30 минуттан 10 минутқа дейін, контейнерлік пойыз 3 сағаттан 30 минутқа дейін. Сервистер 4 тілге аударылды және Вичат мессенджерімен интеграцияланды. Қытай және Өзбекстанмен өзара цифрлық іс-қимылды дамыту жұмыстары жүргізілді.

Тағы бір басым бағыт авиа тасымалын арттыру. Премьер-министр әуе жүктері тасымалын электронды құжат айналымына көшіруді жеделдетіп, e-Freight жүйесін толық интеграциялауды тапсырды.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

-Әуежай инфрақұрылымын жаңғырту, арнайы техниканы жаңарту және жолаушылар сервистерін цифрландыру жүзеге асырылды. Оның бәрі қазақстандық әуежайларды бәсекеге қабілетті өңірлік хабтарға айналдыруға мүмкіндік береді.  

Аталған міндеттер мен атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы Президент тапсырмалары аясында екенін айта кеткен жөн. Түйткілдер бар, бірақ шешілетін мәселе деп шегеледі премьер. Сөз соңында сүйінші жаңалық. Осы айдың соңына дейін 5 шекаралық өткізу пунктін жаңғырту жұмыстары аяқталады.

Берік Дүйсенбай, Айдос Меделбеков