Мектеп пен балабақшаларға ескертусіз тексеріс енгізіледі

  • 7
  • 12.12.2025, 18:47

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев балаларға қызмет көрсететін ұйымдарға мемлекеттік бақылаудың жаңа тәртібі туралы заңға қол қойды. Енді мектеп, балабақша, лагерь мен өзге де балалар ұйымдарында бақылаудың жаңа ережесі енгізіледі. 

Енді мамандар еліміздегі мектептер мен балабақшаларды еш ескертпестен тексере алады. Бұған дейін жоспарлы тексеріс 1 ай бұрын, ал жоспарсыз тексеріс 1 күн бұрын ескертіле отырып жүргізілетін. Жаңа қағидаға сәйкес тексерілетін ұйымдардың тізімдері ашық жарияланады. Бұл балаларға тамақтану, білім, тәрбие және денсаулық қызметтерін ұсынатын ұйымдардағы бұзушылықтарды дер кезінде анықтауға мүмкіндік бермек.    

Айнұр Алмағанбет, ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің бас сарапшысы:

-Қазіргі қолданыстағы заң бойынша 3 жыл толмаған кәсіпкерлік субъектілерін тексере алмаймыз. Ал жаңа норма бойынша 3 жыл толмаған кәсіпкерлік субъектілерін тексере аламыз. Өйткені мұндай кәсіпкерлік субъекті асхана блогында жұмыс жасайды. 

Сондай-ақ санитариялық дәрігерлердің өкілеттіктері кеңейтілетін болады. Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлер жүйелі бұзушылықтарды жоюды талап ете алады. Олар нұсқамаларды жергілікті және мемлекеттік органдарға жіберуге және қауіпсіздік стандарттарын арттыруда мекемелерге қолдау көрсуге мүмкіндік алады. 

Мұхамғали Арыспаев, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

-Мемлекеттік ұйымдардағы бюджеттен қаржыландырылатын әкімшіліктерге ұсынба енгізе алады. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдарға да тәртіптерді жою мәселесі бойынша ұсынба бере алады. 

2026 жылғы 1 ақпаннан бастап Қазақстанда мемлекеттік бақылаудың жаңа тәртібі күшіне енеді. Қазіргі уақытта заңның толық орындалуын қамтамасыз ететін заңға тәуелді актілер әзірленіп жатыр. 

Құралай Жұмахан, Мұхаметәлі Тілдебаев