Мемлекет басшысы Қауіпсіздік Кеңесін реформалау ісін кейінге ысыруға болмайтын және бұл өте маңызды міндет екенін атап өтті. Президент орган қызметіне орта державаларды, Азия, Африка және Латын Америкасы елдерін кеңінен қатыстыруға шақырды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қауіпсіздік Кеңесінде орта державалардың үні анық естілуі тиіс. Олар ірі ойыншылар арасында қайшылықтар болған жағдайда араағайындық жасап, шешімдерді ілгерілетуге септігін тигізе алады. «Қазақстан сыртқы саясаттағы миссиясын осы бағытпен байланыстырады. Біз берік ұстанымға негізделген теңгерімді, сындарлы, көпвекторлы дипломатия жүргіземіз. Бұл біздің ұлттық мүддемізге сай келеді, әрі ұдайы БҰҰ Жарғысына сүйенетін дамушы орта держава ретіндегі болмысымызды көрсетеді», – деді Президент.
Мемлекет басшысы осы орайда елдеріміз арасындағы байланысты жолға қоюға зор үлес қосқан Жапонияның бұрынғы Сыртқы істер министрі Ёрико Кавагучи ханымға ризашылығын білдірді. Оның «Орталық Азия және Жапония» саммитіне бастамашы болғанын еске салды.