Қазақстан Президенті БҰҰ университетінде дәріс оқыды

Қазақстан Президенті БҰҰ университетінде дәріс оқыды
  • 10
  • 19.12.2025, 14:34

Қасым-Жомарт Тоқаев Токио қаласындағы Біріккен Ұлттар Ұйымы университетіне барып, «Дүрбелеңге толы дәуірдегі стратегиялық сенімді қалпына келтіру: әділетті әрі тұрақты әлем құру жолындағы Қазақстанның ұстанымы» тақырыбында дәріс оқыды.

– Осы айтулы оқу орнында аймақтағы елдер арасынан алғашқы дәріс оқыған Мемлекет басшысы атану – мен үшін зор мәртебе. Мұны халықаралық аренадағы рөлі артып келе жатқан Қазақстанға шынайы құрмет деп қабылдаймын. Сондай-ақ біздің мультилатерализмді ілгерілетуге әрі жаһандық қауіпсіздікті қолдауға бағытталған табанды еңбегімізді мойындаудың белгісі ретінде қарастырамын. Біріккен Ұлттар Ұйымы менің өмірімде ерекше орын алады. Өйткені осы Ұйымда Бас хатшының орынбасары және Женевадағы өкілдіктің Бас директоры, Қарусыздану жөніндегі конференцияның Бас хатшысы лауазымдарын атқару бақытына ие болдым, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Университет ұжымын оқу орнының құрылғанына 50 жыл толуымен құттықтап, БҰҰУ-дың бүкіл халықаралық қоғамдастықтың игілігі үшін нақты шешімдер әзірлеуге қосқан үлесін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев өзі ұстанатын қағидаттар мен жапон этикасы арасындағы үндестікке тоқталды. Яғни үйлесімділік, даналық және жауапты көшбасшылық – шынайы күш-қуаттың қайнары.

– Ханзада Сётоку VII ғасырда «үйлесімділік бәрінен биік бағалануға тиіс» деп жазды. Бүгінде бұл қағидат мемлекеттік басқаруда және халықаралық қатынастарда басты рөл атқарып, Қазақстанның сыртқы саясатында айқын көрініс тауып отыр, – деді Президент.

Бұдан кейін Мемлекет басшысы дағдарыс белең алған және көпжақты ынтымақтастық тетіктері айтарлықтай әлсіреген қазіргі кезде әділетті әрі тұрақты әлем құру жөніндегі ой-пікірімен бөлісті.

– Соңғы он жылда жер жүзінде қарулы қақтығыстар көбейіп, ушығып кетті. Әлемдегі әскери шығындар былтыр 2,7 триллион долларды құраған. Бұрын-соңды мұндай болмаған. Сонымен қатар алпауыт елдер арасындағы стратегиялық бақталастық шырқау шегіне жетті. Соның салдарынан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі қандай да бір ірі халықаралық қақтығыстарды шеше алмайтын дәрменсіз күйге түсті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, халықаралық қоғамдастық институттары тиімді қызмет етуі үшін өзара сенімді қалпына келтіруі қажет.

– Стратегиялық сенімнің жаңа мәдениеті халықаралық ынтымақтастық пен ұжымдық шешім қабылдау үдерісінің негізі болуға тиіс. Осы ретте Қазақстан аталған қағидаттарды Азиядағы өзара сенім шаралары жөніндегі кеңес пен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі секілді алаңдар арқылы үнемі ілгерілетіп келеді. Бүгінгі сын-қатерлерге бірде-бір мемлекет жалғыз өзі төтеп бере алмайтыны рас. Тек түбегейлі және тиімді ұжымдық іс-қимыл ғана ұзақ мерзімді нәтиже береді. Бұл орайда БҰҰ халықаралық қатынастарды реттейтін әмбебап әрі баламасы жоқ ұйым рөлін атқаруды жалғастыра беруі керек, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы геосаяси тұрғыдан жікке бөлінудің күшеюі мен ірі державалар арасындағы сенімнің төмендеуі салдарынан БҰҰ мүмкіндіктері барған сайын шектеле түскеніне назар аударды. Сол себепті Ұйымды жан-жақты реформалау жай әңгіме күйінде қалмай, ортақ басымдыққа және стратегиялық қажеттілікке айналуға тиіс.

– Кез келген маңызды реформа БҰҰ Жарғысына сай іске асырылуы керек. Егемендік, аумақтық тұтастық және дау-дамайды бейбіт жолмен реттеу секілді негізгі қағидаттар мүлтіксіз сақталуға тиіс, ешкімге артықшылық берілмеуі қажет. Сонымен бірге Жарғының кейбір ережелері ХХІ ғасырдың талаптарына сәйкес келмейді. Соның ішінде Ұйымға айтарлықтай қолдау көрсетіп келе жатқан Жапонияға және басқа да елдерге қатысты әділетсіздік бар. Әлем өзгерді, ал Жарғы осы өзгерістердің соңынан ілесе алмай отыр. Жауапты диалогқа көшіп, келешекте құжаттың сенімділігі мен өзектілігін қамтамасыз етудің уақыты келді деп санаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қауіпсіздік Кеңесін реформалау кейінге ысыруға болмайтын өте маңызды міндет екеніне тоқталды. Президент аталған орган қызметіне орта державаларды, Азия, Африка және Латын Америкасы елдерін кеңінен қатыстыруға шақырды.

– Қауіпсіздік Кеңесінде жауапты орта державалардың үні анық естілуге тиіс. Олар ірі ойыншылар арасында қайшылықтар болған жағдайда араағайындық жасап, шешімдерді ілгерілетуге септігін тигізе алады. Қазақстан сыртқы саясаттағы миссиясын осы бағытпен байланыстырады. Біз берік ұстанымға негізделген теңгерімді, сындарлы, көпвекторлы дипломатия жүргіземіз. Бұл біздің ұлттық мүддемізге сай келеді әрі ұдайы БҰҰ Жарғысына сүйенетін дамушы орта держава ретіндегі болмысымызды көрсетеді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев орайлы сәтті пайдаланып, елдеріміз арасындағы байланысты жолға қоюға зор үлес қосқан Жапонияның бұрынғы Сыртқы істер министрі Ёрико Кавагучи ханымға ризашылығын білдірді. Президент оның «Орталық Азия және Жапония» саммитіне бастамашы болғанын еске салды.

Мемлекет басшысы Қазақстанның беделді әрі сенімді серіктес ретінде кеңінен мойындалғанын айтты.

– Қазақстан жақын көршілері – Ресеймен, Қытаймен және Орталық Азия елдерімен жан-жақты стратегиялық серіктестікті дамытып келеді. Біз бұл тату көршілікті Қазақстанның тұтас Еуразиядағы сенім мен өзара байланысты нығайтуға мүмкіндік беретін стратегиялық артықшылығы деп білеміз. Сондай-ақ Америка Құрама Штаттарымен және Еуропа Одағымен ұзақ мерзімді ықпалдастықты кеңейтіп, Таяу Шығыспен, Азия және Жаһандық Оңтүстік елдерімен байланысты күшейтеміз. Жапонияның Қазақстан үшін маңызы зор. Сауда-инвестициялық ынтымақтастықтың мүмкіндіктеріне жол ашу мақсатында достығымыз бен қарым-қатынасымызды одан әрі тереңдетуге ниеттіміз. Геосаяси тұрғыдан жікке бөлінген әлемде Қазақстанның мұндай теңгерімді әрі тура ұстанымы конструктивті дипломатияны қуаттай түседі, – деді Президент.

Ушыға бастаған ядролық қатер проблематикасына дәріс барысында айрықша назар аударылды. Қасым-Жомарт Тоқаев адамзаттың ядролық қарудан тартқан зардабын Қазақстан мен Жапония сияқты терең түсінетін ел кемде-кем екенін айтты.

Хиросима, Нагасаки және Семей қасіреті ядролық қаруға жауапкершілікпен қарап, ұстамдылық танытудың қаншалықты маңызды екенін еске салады. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Семей ядролық полигонын жабу және әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан бас тарту туралы тарихи шешім қабылдады. Бұл біздің осалдығымыз емес. Керісінше, стратегиялық көрегендік танытып, осы арқылы бейбітшілік пен адамзат қауіпсіздігі маңызды екенін көрсеттік. Арада отыз жылдан аса уақыт өтсе де, осы ұстанымнан айныған жоқпыз: жаһандық қауіпсіздік жүйесін ядролық қарумен ұстап тұруға болмайды. Халықаралық қоғамдастық жаппай ядролық қарусыздану бағытында белсенді әрекет етіп, Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарттың күшіне енуіне үлес қосуға тиіс. Қазақстан жаппай қырып-жоятын қаруы бар алпауыт елдер арасындағы жоғары деңгейлі диалогты қайта бастауға үндейді. Сондай-ақ ядролық қаруды қолдану немесе сынау қаупін жою үшін анағұрлым батыл әрі көпжақты әрекетке шақырады. Қазақстан мен Жапонияның бұл тұрғыда әлем алдында жүзі жарқын. Елдеріміз ядролық алпауыт мемлекеттер мәмілеге келе алмай жатқан кезде қарама-қайшылықтарды реттеп, прагматикалық тұрғыдан көшбасшы екенін көрсете алар еді, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстанның БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру туралы бастама көтергенін еске салды. Сондай-ақ БҰҰ университетіне осы ізгі істі қолдап, ғылыми зерттеулерге белсенді атсалысуды ұсынды.

Келешек туралы ой қозғаған Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні қазіргі заман келбетін қалыптастыратын шешуші күштің бірі деп атады. Әйтсе де, оның пікірінше, ЖИ-дің қаупі де жоқ емес. Оған жұртшылықтың теңдей қол жеткізе алмауы және теріс пиғылда, соның ішінде әскери мақсатта қолдануы себеп болуы ықтимал.

– Біріккен Ұлттар Ұйымы кезінде ядролық қауіпсіздік пен азаматтық авиация салаларында жалпыға бірдей нормаларды қалыптастырды. Сол секілді енді бұл істе де негізгі үйлестіруші рөлін атқаруға тиіс. Әлемнің жетекші технологиялық орталықтарының бірінде орналасқан жаһандық оқу орны ретінде БҰҰ университеті ЖИ-дің әлеуетіне, қауіп-қатеріне және оны басқаруға қатысты халықаралық зерттеулерді ілгерілетуде бірегей мүмкіндікке ие, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстанның халықаралық аренадағы абыройы ел ішіндегі жетістіктерімен тікелей байланысты екенін мәлімдеді. Президенттің пайымдауынша, тиімді дипломатияның өзегінде дәл осы жауапты ішкі саясат жатыр.

– Мен білімнің және халықаралық деңгейдегі академиялық ықпалдастықтың дамуына айрықша мән беремін. Әсіресе, әлемнің өзгеруін жеделдететін бастамаларды қолдаймын. Бұл басымдықтар БҰҰ университетінің миссиясына толық сай келеді. Биыл Қазақстанда Орталық Азия және Ауғанстанға арналған БҰҰ орнықты даму орталығы ашылды. Қазақстан осы алаңның негізінде Алматыда БҰҰ университетінің өңірлік филиалын құруға әзір. Оның қызметін, ең алдымен, су және климат қауіпсіздігі, қақтығыстарды реттеу, бітімгерлік, орнықты даму мен жасанды интеллектіні басқару мәселелеріне бағыттауға болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, Қазақстанның БҰҰ университеті мен еліміздегі жетекші жоғары оқу орындары арасында бірлескен зерттеу жүргізу, академиялық тәжірибе алмасу және маман даярлау бойынша институционалдық серіктестікті одан әрі нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.

Біріккен Ұлттар Ұйымының университеті – БҰҰ Бас Ассамблеясы құрған жаһандық зерттеу және білім беру орталығы. Штаб-пәтері Токиода орналасқан университет құрамына әлемнің 12 еліндегі 13 институт кіреді.