Биылғы жыл ел үшін табысты болды. 11 айдағы көрсеткіш бойынша экономикада өсім бар. Құрылыс, өндіріс, ауыл шаруашылығы мен өзге де салаларда даму қарқыны жоғары. Мұның барлығын қарапайым еңбек адамының үлесі сүбелі.
Бұл туралы жұмысшы мамандықтары жылын қорытындылауға арналған салтанатты жиында айтылды. Іс-шара барысында еңбек ұжымдарының өкілдері, тәжірибелі мамандар мен жастар құрметке бөленді.
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің қатысуымен Жұмысшы мамандықтары жылының қорытындысына арналған салтанатты іс-шара өтті. Сондай-ақ форумға Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, «AMАNAT» партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Қәрібек қатысты. Ерлан Қарин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда еңбек культін орнықтыру, жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру саясатын жүйелі түрде жүргізіп отырғанын атап өтті.
Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:- Мемлекет басшысы биыл кәсіби мерекелер аясында энергетиктерді, құтқарушыларды, мұғалімдерді, мұнайшыларды, дәрігерлерді, су шаруашылығы саласының қызметкерлерін, ауыл шаруашылығы мамандарын Ақордада арнайы қабылдап, құрмет көрсетті. Жалпы осы жылы Президент Жарлығымен 1300-ге жуық жұмысшы мамандықтар өкілі мемлекеттік марапатқа ие болды. Осының барлығы еселі еңбекті қадірлеуге бағытталған маңызды қадамдар. Бұл еңбек адамы мемлекеттік саясаттың басты назарында деген сөз.
Мемлекеттік кеңесші Президент бастамасымен 2025 жыл Жұмысшы мамандықтары жылы деп жарияланғанын, мемлекеттік наградалар жүйесіне 9 құрметті атақ қосылғанын, 74 кәсіби мереке мен Еңбек күнін кең көлемде атап өту игі дәстүрге айналғанын жеткізді. Жұмысшы мамандықтар мен еңбек әулеттерінің өкілдері жыл сайын мемлекеттік наградалармен марапатталатынын еске салды. Ерлан Қарин еңбекті қадірлеу, ұрпақтар сабақтастығын сақтау, жұмысшы жастарды қолдау мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып қала беретінін айтты.
Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:
-«Жұмысшы мамандықтары жылы» біздің қоғам еңбекті ерекше қадірлейтінін көрсетті. Халық арасында елге нақты пайда әкелетін адамдар құрметті, сыйлы екенін байқатты. Кәсіби мамандарды дәріптеу алдағы уақытта да үздіксіз жалғаса бермек.
Іс-шара барысында жұмысшы мамандықтарының үздік өкілдері мемлекеттік наградалармен марапатталды. Сонымен қатар республикалық «Еңбек жолы» байқауының «Үздік еңбек әулеті», «Жұмысшы жастардың үздік тәлімгері», «Өндірістегі үздік жас қызметкер» аталымдарында топ жарғандарға құрмет көрсетілді. Оған қоса «Ерлік пен еңбек дастаны» байқауының жеңімпаздары, жұмысшы жастардың әлеуетін қолдап, дамыту мақсатында жүзеге асырылып жатқан «Жұмысшы жастар аманаты» жобасының қатысушылары құрметке бөленді.Соның ішінде «үздік еңбек әулеті» номинациясы бойынша Түркістан облысынан қатысқан Дербисовтар отбасы үшінші орынды иеленді. Әулеттің теміржол саласындағы жалпы еңбек өтілі 400 жылға жуықтайды.
Тахир Дербисов, теміржолшы:-Мен өзімнің апам да, анам да бәрі теміржолда, әйелім де теміржолда жұмыс жасайды. Күндіз-түні жұмыс болғаннан кейін неше түрлі қиындық болады. Пойыз қабылдамай тұратынымыз бар. Жолаушылар пойызын уақытымен, кестемен жүргізуіміз керек. Графиктен кешікпеу іс-әрекетін жүргіземіз.
Ал Дельфуза Бақытжанованың өндірістік кешенде кран жүргізіп келе жатқанына үшінші жылға таяған. Қаршадай қыз небәрі 19 жаста. Бірақ соған қарамастан ерлермен тең еңбек етіп келеді. Дельфуза Бақытжанова, кран жүргізушісі:-Өзіме сенімді болғаннан кейін де, қорықпай жұмыс жасай беремін. Өзіме ұнайды жұмысым. Ұнағаннан кейін, адам өзіне сенімді болғаннан кейін, жауапкершілікте болғаннан кейін ол әр жұмысты істей береді. Ол жас қыз или әйел адам, ер адам болып бөлінбейді.Іс-шараға қатысушылар мемлекет тарапынан қабылданып жатқан шаралар қоғамдағы еңбек адамының рөлін арттыруға ықпал етіп, жұмысшы мамандықтарын кеңінен насихаттауға соны серпін бергенін айтты. Жұмысшы мамандықтары жылының қорытындысына арналған салтанатты рәсім еліміздің дамуына күнделікті адал еңбегімен үлкен үлес қосып жүрген жандардың кәсібилігі мен жауапкершілігіне көрсетілген лайықты құрметтің тағы бір дәлелі болды.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Айдос Меделбеков