Елорданы ауқымды өзгерістер күтіп тұр

  • 8
  • 24.12.2025, 19:34

Таяу келешекте елордамызда жаңа әуежай пайда болып, жеңіл рельсті транспорт желісі ұзартылады. Сондай-ақ орталық көшелердің бірінде қос қабатты эстакадалық жол салынбақ. Бүгін Астананың бірқатар өндіріс орындарын аралаған Мемлекет басшысы, бас қаланы дамыту жөніндегі кеңесте біраз ақжолтай ақпараттармен бөлісті.

Президент таң атпай келіп, Tausogar зауытының есігін қақты. №1 Индустриалдық паркте орналасқан кәсіпорын құрылысқа қажет жүк көтергіш машиналар және механизмдерді шығарады. Астанада биік үйлер салып жатқан мұнаралы крандар мен сауда орталықтары және үлкен ғимараттардағы эсклаторлар осында өндіріледі. 44 маман еңбек етеді. Жылына 200 лифт, 70 эскалатор және 70 мұнара краны зауытта жұмыс істеп жатқан 44 маманның қолынан шығып жатқанын айта кету керек. Еңбек ұжымына ел инфрақұрылымын дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс айтып сәттілік тілеген Президент, жұмыс жорығын осы Индустриалдық паркте жалғастырды. Қасым-Жомарт Тоқаев винилді гипсокартон панелін шығаратын «Гипсовинил», өрт дабылдары, бейнекамералар мен домофондар өндіретін QR Systems зауыттарының өнімдерімен танысты. Көрмеде «Астана электротехника зауытының», «Арыстан» Астана құбыр зауытының», құрылыс және жол химиясына маманданған ARGP кәсіпорнының қызметі жөнінде мағлұматтар ұсынылған. Бұл №1 Индустриалдық парктің игіліктері. Ал №2 индустриалдық парк ше? Президентке баяндағандай ол мемлекет жеке меншік серіктестігі негізінде таяу келешекте пайдалануға беріледі. Жалпы құны 500 млрд теңгеден асатын 100-ден астам жоба іске қосылмақшы екен. Бұл 8 мың адамға жұмыс орны. Сондай-ақ «Астана-Технополис» арнайы экономикалық аймағында логистикалық парк құрылады. Ол жерде 120 жоба жүзеге асып, 22 мыңдай жұмыс орны ашылмақ. Мұнан соң Мемлекет басшысы Besqaru зауытына барды. Аталған кәсіпорын шынжыр табанды және дөңгелекті құрыш сауытты жауынгерлік машиналарды шығарады. Жылына 200 техника. Олардың қатарында суда жүзе алатын дөңгелекті Taimas8x8, Aibar 4x4 бронды машиналарымен қатар Tulpar шынжыр табанды техникасы бар. Биыл ақпан айында өндіріс алаңын ашқан Besqaru компаниясы өз өнімін Қорғаныс министрлігі мен басқа да күштік құрылымдарға арнап шығарады. Жалпы құны 13,5 миллиард теңге болатын жоба 134 адамды жұмыспен қамтып отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев мұнан соң Астананы дамыту жөніндегі кеңестің отырысына қатысты. Айтуынша 11 айдағы елорданың экономикалық өсу индикаторы 118,6 пайызға жеткен. Атап айтқанда Инвестиция, құрылыс, шағын және орта бизнес саласындағы көрсеткіштер жөнінен Астана қаласы көш бастап тұр. Мәселен, биыл бас қаладағы тұрғын-үй құрылысы 5 млн шаршы метрге жуықтайды. Экономикалық өсудің негізгі көрсеткіштеріне келсек.

Елорданың өңірлік жалпы өнімі биыл 11 айда 17,8 трлн теңгеден асты. Бұл шамамен 35 млрд доллар. Өңдеу өнеркәсібі 7 пайыздан артық өсіп көрсетіп, 2,8 трлн теңгеге жетіп отыр. 11 айда сауда 8,4 пайызға жуық өсіп, 22,5 трлн теңгеге жеткен. Қаланың қазынасына 4,3 триллион теңге салық түсіпті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

«Жан басына шаққандағы өңірлік жалпы өнім көрсеткіші көңіл көншітерлік. Жан басына шаққандағы өңірлік жалпы өнім көрсеткіші көңіл көншітерліктей. Oxford Economics 2025 индексіне тоқталайын. Бұл зерттеулер әлемнің ең ірі мың қаласын экономика, адам капиталы, тұрмыс сапасы, қоршаған орта және басқару санаттары бойынша бағалайды. Астана Азия құрлығында 36-орынға жайғасса, әлем бойынша 276-орынға тұрақтап, өңіріміздегі бәрімізге белгілі қалалардың алдына шықты.
Бірақ бұған тоқмейілсуге болмайды. Өйткені әлеуетіміз зор. Біз үнемі алға жылжуымыз керек».

Алға жылжудың бір шарты, қаланың орталық көшелері ғана жарқырап тұрмауы тиіс. Шеткі аймақтарды да дамыту ләзім. Енді оң жағалаудағы сауда, өнеркәсіп орамдары мен тұрғын үй алаптарын жаңарту жұмыстары қолға алынуы тиіс. «Жаңа келбет» бағдарламасы аясында бес жыл ішінде шаһардың тарихи бөлігіндегі 150 ғимараттың қасбетін жаңарту жоспары және бар. Ескі көшелерге қан жүгіртіп, оларды абаттандыру өз алдына іске аспақ. Мұның сыртында цифрлық және ЖИ игіліктерінсіз қаланы дамыту мүмкін емес.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

 «Бұған дейін менің тапсырмам бойынша Астанада Smart City жобасы қолға алынды.
Жақын арада Жедел басқару орталығы іске қосылады. Қаладағы бейнекамералардың жұмысы және басқа да қызметтер осы орталықтан басқарылады. Бұл жүйе түрлі қауіп-қатерге дер кезінде назар аударуға және келеңсіз оқиғалардың алдын алуға мүмкіндік береді».

Келесіз оқиғалар көп. Жыл басынан бері 36 адам жарақат алып, 12 адам жол апатынан мерт болған. Бұл ретте көлік қозғалысы жүйесін жаңғыртпақ керек. Биыл бұл ретте 2035 жылға дейін транспорт ж.үйесін дамыту бағдарламасы қабылданды. Президент қажетіне қара әкімдік пен Үкіметке Жаңа әуежай салу мәселесін де тапсырды. Демек алдағы уақытта оны да көріп қалармыз. Айтпақшы ЛРТ-ны салу осымен тоқталмақ емес, оның сыртында Астанада екі қабатты көлік жолы пайда болмақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

«Жеңіл рельсті көлік жобасы да өте маңызды. Көп ұзамай оны толық іске қосу керек. Мен жеңіл рельсті көлік желісін ұзарту туралы ұсынысты қолдаймын.
Бұл қадам көлік кептелісін азайтуға мүмкіндік беретіні сөзсіз. Үкімет, ең алдымен, жобаны қаржыландыру мәселесін шешуге тиіс.
Сондай-ақ Қабанбай батыр даңғылында екі деңгейлі жол салу туралы ұсынысқа қолдау білдіремін. Жобаның құжаттарын келесі жылы әзірлеп, 2027 жылы құрылысты бастау қажет».

Тұрғын үй құрылысының көлемі биыл 5 млн шаршы метрге жеткенін айттық. Бірақ құрылыс компанияларының жауапкершілігін арттыру мәселесі әлі де өзекті. Сондай-ақ алдағы үш жылда мектептегі орын тапшылығы 400 мыңға дейін жетуі мүмкін екендігін айтты президент. Қазірдің өзінде 28 мың оқушыға орын жетіспейді. Астанада 75 мектеп салынып, нәтижесінде үш ауысым мәселесі шешілді.

Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Астана әрдайым ауқымды жұмыстардың бастауында тұруға тиістігіне тоқталды. Ол атап өткендей Елордамыз басқа аймақтарға барлық жағынан үлгі болуы керек.

Берік Дүйсенбай