Астанада Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының үшінші отырысы өтті

  • 14
  • 30.12.2025, 18:32

Астанада Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының үшінші отырысы өтті. Онда Парламенттік реформаға қатысты ұсыныстар жинақталып, жүйелеудің аралық қорытындылары қаралды. Сонымен қатар болашақ бір палаталы Парламенттің заң шығару қызметінің негізгі бағыттары талқыланды. Ерлан Қарин Президент бастамашы болған Парламенттік реформа мемлекеттік құрылыстың «Күшті Президент ықпалды Парламент есеп беретін Үкімет» негізгі формуласы аясындағы ауқымды саяси жаңғырудың қисынды жалғасы екенін атап өтті. Сондай-ақ Мемлекеттік кеңесші алдағы Парламенттік реформа заң шығару қызметінің тиімділігі мен сапасын арттыруға бағытталғанын еске салды. Жиын барысында Парламентаризм институтының директоры Наталья Пан да сөз сөйледі. Ол e-Otinish және eGov платформаларындағы «Парламенттік реформа» арнайы бөліміне 400-ден астам ұсыныс келіп түскенін айтты. Ал Жұмыс тобы жетекшісінің орынбасары – Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев Парламенттің заң шығару қызметін жетілдіруге бағытталған жалпы тәсілдер туралы баяндады. Жиын қорытындысы бойынша Жұмыс тобының жетекшісі – Мемлекеттік кеңесші келіп түскен ұсыныстардың барлығын жинақтап, жан-жақты талдауды тапсырды.

Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:

-Бүгін біз Парламенттік реформа бойынша жұмыс тобының кезекті отырысына жиналып отырмыз. Сіздер жақсы білесіздер, жұмыс тобының алғашқы отырысы қазан айының 14-інде өткен болатын. Содан соң біз 2 желтоқсан жиналып, жұмыс тобының аясында бірнеше мәселені талқыладық. Атап айтқанда, Парламенттің құрамы сандық жағынан, Парламент депутаттарына қойылатын квалификациялық талаптар, депутаттардың сайлану тәртібі, жаңа Парламенттің мерзімі және Парламенттегі квоталар мәселесін талқылаған болатынбыз. Бұны біз сіздермен жұмыс тобының екінші отырысында талқыладық. Енді біз сіздермен үшінші отырысқа жиналып отырмыз. Біздер сіздермен заң шығару мәселесін, процессін талқылайтын боламыз. Яғни біз осылай сіздермен тақырыптан-тақырыпқа жылжып отыратын боламыз. Қаңтар айынан кейін біздің депутат әріптестеріміз өңірлерге сапармен шығатын болады. Соны ескере отырып, кейінге қалдырмай, осы жаңа жылдың соңғы күндерінде болса да, жұмыс тобын өткізіп үйреніп қалайық деген оймен бүгінгі күнге жоспарладық. Қандай да бір басқа себебі жоқ. Себебі алдымызда жаңа жылдан кейін жұмыс тобы мүшелері, біздің әріптестер депутаттар 2 аптадай уақыт өңірлерге шығып, халықпен, тұрғындармен кездесулер өткізеді. Осы аралықта жұмыстарымыз тоқтап қалмас үшін біз арнайы бүгінгі жиналысымызды өткізіп отырмыз. Біз жұмыс тобының отырысын әдеттегідей тақырыппен ұйымдастырамыз. Ең алдымен, осы уақыт аралығында жұмыс тобының назарына келіп түскен азаматтардың ұсыныстары бойынша парламентаризм институтының дайындаған ақпаратын тыңдайтын боламыз. Азаматтарменен жекелеген қоғам қайраткерлері және қоғамдық ұйымдар тарапынан парламенттік реформа мәселесі бойынша жаңа ұсыныстар келіп түсуде. Бір айтарлығы, қазіргі уақытта келіп түсіп жатқан ұсыныстар алдыңғы кезеңмен салыстырғанда, бастапқы кезеңмен салыстырғанда, жан-жақты, терең, көлемді ұсыныстар. Яғни біздің азаматтарымыз бұл мәселеге байыппен, белгілі бір сараптаумен қарап жатқандығын көрсетеді. Сондықтан біз әрбір отырыста азаматтар тарапынан жұмыс тобына келіп түсіп жатқан өтініштер бойынша ақпарат тыңдайтын боламыз. Содан соң сөзді Ержан Нұрланұлына береміз. Ол сіздердің және азаматтардың келіп түскен ұсыныстары негізінде күн тәртібінде қаралатын мәселелер бойынша ортақ жиынтық ақпаратты беретін болады.