Биыл Мемлекет басшысының сыртқы және ішкі саясат бағытындағы қызметі өте қауырт әрі жемісті өтті
2025 жыл елеулі саяси және әлеуметтік-экономикалық жаңғыруларға толы болды. Ең бастысы, халықтың тұрмыс-тіршілігінде оң өзгерістер орын алды. Жаңа өндіріс орындары ашылып, қамба астыққа толды. Тұрғын үйлер, мектептер мен ауруханалар салынып, көлік жолдары жаңартылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев биыл еліміздің 9 өңіріне жұмыс сапарымен барып, 50-ден астам өндірістік, ғылыми, әлеуметтік-мәдени нысанды аралап көрді.
Сондай-ақ Президент 16 облыс және республикалық маңызы бар қала әкімдерінің есебін тыңдады.
Сенімді экономикалық өсім
2025 жылдың қорытындысы бойынша экономикалық өсім 6 пайыздан асады деп күтіледі. Бұл – соңғы он жылдағы ең жоғары көрсеткіш.
Қазақстан тарихында тұңғыш рет ішкі жалпы өнім көлемі 300 миллиард доллардан асады. Ол жан басына шаққанда 15 мың доллардан келеді.
Елімізде жалпы құны 1478,1 миллиард теңгені құрайтын 185 жоба пайдалануға берілді. 22,8 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды.
Жобалардың барлығы толық қуатына көшкен кезде экономикаға айтарлықтай серпін береді. Өндіріс көлемі 2,3 триллион теңгеге жуықтайды.
2025 жылы Президент Достық – Мойынты темір жолының екінші желісін, Қостанай облысындағы KIA Qazaqstan автокөлік зауытын іске қосты.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Шымкент және Қызылорда әуежайының жаңа терминалдарын аралап көріп, Астанадағы Stadler Kazakhstan зауыты шығарған алғашқы жолаушылар вагонымен танысты.
Бұдан бөлек, қара және түсті металлургия, химия, целлюлоза-қағаз, жеңіл және тағам өнеркәсібінде, құрылыс индустриясында бірқатар жоба іске қосылды.
Еліміздің көлік-логистика әлеуетін дамыту
Мемлекет басшысы Қазақстанның көлік-логистика әлеуетін кеңейтіп, елімізді Еуразиядағы ірі транзит хабына айналдыруға жіті мән береді.
2025 жылы 13 мың шақырым автокөлік жолын салу және жөндеу жұмыстары басталды. Жаңа жолдардың ұзындығы – 1,9 мың шақырым.
Стратегиялық тұрғыдан маңызды күрежолдар қатарында Орталық – Батыс автомагистралы, Қарағанды – Жезқазған, Ақтөбе – Ұлғайсын, Атырау – Доссор учаскелері бар.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен Зайсан, Катонқарағай және Кендірліде үш жаңа әуежай құрылысы басталды. Арқалық әуежайын қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды.
Президент әуе арқылы жүк тасымалдайтын алғашқы ұлттық компанияны құру бастамасын қолдады. Бұл еліміздің көлік әлеуетін дұрыс пайдаланып, әлемдік нарыққа шығуға мүмкіндік береді.
2025 жылы ел нарығына бірқатар жаңа авиакомпания кірді. Бұдан бөлек, 35-тен астам жаңа бағдар, соның ішінде тұңғыш рет Шанхай, Гуанчжоу мен Мюнхенге тікелей рейстер ашылды.
Қызылжар – Мойынты екінші жолының, Алматы маңындағы айналма жолдың, Дарбаза – Мақтаарал және Бақты – Аягөз жаңа теміржол желілерінің құрылысы жүріп жатыр.
Ел аумағындағы 124 вокзалға күрделі жөндеу, жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
Отандық агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін нығайту
Аграрлық саланы дамыту – мемлекеттік саясаттың стратегиялық басымдықтарының бірі. Президент атап өткендей, «Ауыл шаруашылығын дамыту мәселесіне ауыл-аймақтарды, яғни бүкіл елді дамыту деп қараған жөн».
Мемлекет басшысы қараша айында өткен Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің ІІ форумында мал шаруашылығын дамыту, ауылшаруашылық жерлерін оңтайлы пайдалану, судың тиімділігін арттыру, ирригациялық жүйелерді жаңғырту, агроөнеркәсіпті қаржыландыру тәсілдерін жетілдіру, саланы цифрландыру, өнімді терең өңдеу секілді бірқатар негізгі міндеттерді айқындады.
Жыл басынан бері аграрлық саладағы негізгі капиталға құйылған инвестиция 20 пайызға ұлғайып, 790 миллиард теңгеге жетті. Соңғы үш жылда еңбек өнімділігі 37,3 пайызға артты.
Биыл елімізде алғаш рет ауыл шаруашылығына жеңілдікпен берілген несие көлемі 1 триллион теңгеден асты.
Бүгінде ауылшаруашылық техникаларына ішкі сұраныстың 90 пайызын отандық өндіріс қамтамасыз етеді. Еліміздегі 10 зауытта әлемге белгілі брендтердің 19 түрлі техникасы құрастырылады.
Агроөнеркәсіп өнімдері 70 елге экспортталады. Оның жалпы құны 5 миллиард доллардан асады.
Биыл диқандарымыз 27 миллион тонна астық жинады. Ел қамбасын толтыруға барлық өңір атсалысты.
Цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту
Президент биылғы Жолдауында Қазақстанды алдағы үш жылдың ішінде толық цифрлық мемлекетке айналдыру жөнінде стратегиялық міндет қойған еді.
Еліміздің цифрлық экожүйесін қалыптастыру аясында Президент тапсырмасымен қыруар шаруа атқарылды.
«Жасанды интеллект туралы» Заңның қабылдануы – аталған саладағы жаңалықтың бірі. Осылайша, Қазақстан ЖИ саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеуге заң жүзінде негіз қалаған әлемдегі алғашқы елдердің қатарына енді. Аталған саладағы мемлекеттік саясатты үйлестіру мақсатында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды.
Президент шілде айында Астанада Аlemcloud ұлттық суперкомпьютерін ресми түрде іске қосты. Қараша айындағы тестілеу нәтижесінде аталған жүйе суперкомпьютерлердің әлемдік TOP-500 рейтингінде 86-орынға ие болды.
«Қазақтелеком» АҚ Алматыға екінші Al‑Farabium суперкомпьютерін жеткізді. Ол жаһандық рейтингте 103-орынға табан тіреді.
Президент, ең алдымен, білікті мамандар даярлауға баса мән беру қажет деп санайды. Сондықтан елімізде ЖИ саласындағы арнаулы зерттеу университетін құруды ұсынды.
Астанада Alemai халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылды. Студенттерге арналған AI-Sana бағдарламасы басталды. Сол арқылы қазірдің өзінде 440 мыңнан астам студент ЖИ саласын меңгерді.
Жасанды интеллект саласындағы алғашқы қазақстандық «сыңармүйіз» стартап – Higgsfield AI пайда болды. Бұл да айтулы уақиға.
Жұмысшы мамандықтары жылы
Президент Жарлығымен жарияланған Жұмысшы мамандықтары жылы кәсіптік білім беру саласын реформалаумен және қарапайым еңбек адамдарын дәріптеумен есте қалды.
Мемлекет басшысы жыл бойы өндірісте және әлеуметтік салада еңбек ететін қызметкерлерді Ақордада қарсы алып, ерекше құрмет көрсетті.
Республика күні қарсаңында өнеркәсіп және құрылыс саласында жұмыс істеп жүрген 500-ге жуық азаматқа жоғары марапат табысталды. Олардың 138-і – еңбек династиясының өкілдері.
Сонымен қатар 130-дан астам педагог пен ғалым, 100-ден аса медицина қызметкері мемлекеттік наградаға ие болды.
Кәсіби мерекелеріне орай көлік, энергетика, мұнай-газ, ауыл және су шаруашылығы, жедел қызметтер, білім, ғылым, мәдениет, журналистика саласының өкілдеріне ерекше сый көрсетілді.
Нормативтік-құқықтық актілер
Биыл Мемлекет басшысы 95 Заңға, 388 Жарлыққа, 80 Өкімге, 22 отырыс хаттамасына, 3504 қызметтік құжатқа қол қойды.
Олардың қатарында Бюджет, Салық, Су кодекстерінің жаңа редакциялары мен «Жасанды интеллект туралы» Заңды ерекше атап өтуге болады.
Сонымен қатар Президент «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заңға, сондай-ақ «Алатау қаласына даму қарқыны озық қала» арнаулы мәртебесін беру туралы» Жарлыққа қол қойды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың аталған шешімдері экономикалық өсімнің жаңа ортасын қалыптастыруды, Түркістанды мәдени-туристік орталыққа, ал Алатау қаласын жоғары технологиялық индустриясы бар, іскерлік хабқа айналдыруды көздейді.
Халықаралық қатынастар жүйесіндегі Қазақстан
Бір жыл ішінде Мемлекет басшысы 23 рет шетелге шықты.
Оның ішінде Ресейге және Өзбекстанға мемлекеттік сапармен барды. ҚХР, Иордания, Түркия, Қырғызстан және Жапония секілді елдерге 5 ресми сапар ұйымдастырылды. Ресей (екі рет), АҚШ (екі рет), Түрікменстан (екі рет), БАӘ, Өзбекстан, Әзербайжан, Тәжікстан және Қырғызстан сияқты мемлекеттерге 16 мәрте жұмыс сапарымен барды
Шетелдік сапарларда сауда-экономикалық, көлік-логистикалық және инвестициялық ықпалдастықты нығайтуға айрықша мән берілді.
Халықаралық кездесулер кезінде жалпы сомасы 70 миллиард доллардан асатын коммерциялық келісімдер жасалды.
Президент шет мемлекеттердің үкімет басшыларымен, басқа да жоғары лауазымды тұлғаларымен, халықаралық құрылымдар жетекшілерімен, іскерлік топ өкілдерімен және сарапшылармен 186 кездесу өткізді.
Қазақстан халықаралық диалогтың белсенді алаңына айналды. 2025 жылы шет мемлекеттердің басшылары Қазақстанға 30 рет cапармен келді.
Олардың арасында ҚХР, Италия (екі рет), Грузия, Өзбекстан, Словения, Вьетнам, БАӘ, Руанда, Солтүстік Македония, Болгария, Словакия, Иордания, Конго Демократиялық Республикасы, Мьянма, Мажарстан, Әзербайжан, Финляндия, Эстония, Армения, Түрікменстан, Швейцария және Иран елдерінің мемлекет және үкімет басшылары бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев өзге де президенттермен 43 мәрте телефон арқылы сөйлесті. Бұдан бөлек, 4 ресми рәсім барысында 30 мемлекеттің елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады.
Бір жыл ішінде Президент өңірлерге және шет мемлекеттерге жасаған сапары барысында 168 960 шақырым жол жүрді. 252 сағат уақытын ұшақта өткізді.
Маңызды жұмыс бағыттарының бірі – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру
2025 жылы Президент Әкімшілігіне 82,5 мың өтініш келіп түсті. Бүгінде азаматтардың талап-тілегін сапалы қарау үшін eOtinish жүйесінде толық цифрлық инфрақұрылым жасақталды. Оған 50 мың ұйым және 320 мың қызметкер қосылды.
Өтініштерді қарау үдерісі ұдайы жетілдіріліп отырады: жасанды интеллект элементтері енгізіліп, АҚШ, Оңтүстік Корея және Сингапур секілді озық елдердің цифрлық үкімет тәжірибесі зерделенуде.
Диалог офлайн-форматта да жүреді. Өңірлерде азаматтардан өтініш қабылдайтын 150-ден астам орталық жұмыс істейді. Биыл 360 мыңнан аса адамға тиісті көмек көрсетілді.