Бұл туралы Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев айтты. Оның сөзінше, заң жобаларының үшеуі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әзірленеді. Атап айтқанда, мемлекеттік мүлік, онлайн-платформалар мен масс-медиа мәселелері бойынша заңнамаларға өзгерістер енгізу көзделген. Сонымен қатар Парламентке мұнай-газ химиясы, табиғи апаттардан тұрғын үйлерді міндетті сақтандыру, сондай-ақ республикалық бюджет туралы заң жобалары ұсынылады. Жоспарға сәйкес, бірінші жартыжылдықта бесеуін, ал екінші жартыжылдықта жетеуі Парламент қарауына енгізіледі. Үкімет басшысы заң жобаларының сапалы әзірлеуін бақылауда ұстауды тапсырды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
-Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары заң жобаларының сапалы әзірленуін, әрі олардың Мәжіліске уақытылы енгізілуін қатаң бақылауда ұстасын. Екінші, мемлекетттік органдардың арасында ведомствоаралық үйлесімді қалыптастыру маңызды.Заң жобаларын қарастыру барысында басы артық бюрократиядан арылып жедел жұмыс істеу керек.
Бірер күннен кейін 25-ші қысқы Олимпиада ойындары басталады. Осыған орай, Үкімет мүшелері ұлттық құраманың дайындығын пысықтады. Премьер-министр Олжас Бектенов салалық министрліктерге команданың толық дайын болуын қамтамасыз ету, спорттық жабдықтар мен медициналық қолдауды ұйымдастыру, бюджет қаражатын тиімді пайдалану сияқты тапсырмалар берді. Сонымен қатар Мемлекет басшысының бұқаралық және кәсіби спортты дамытуға әрқашан басымдық бергенін атап өтті. Соңғы үш жылда осы мақсатқа бюджеттен 360 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
-Спортшыларымыздың ішкі тәртібі табанды, алғыр және нағыз командалық рухы оларды жеңіс жолына жетелейді деп сенеміз. Жаһандық додада әділ сайыс, мықты ерік-жігер және үздік нәтиже тілейміз. Еліміз сіздерді мақтан тұтады. Әрі зор сенім артады. Байрақты бәсекенің басталуына санаулы күндер қалды. Барлық дайындық шаралары толық көлемде аяқталуы қажет.