Көкшетауда әлеуметтік саладағы мәселелер талқыланды

  • 8
  • 13.01.2026, 21:43

Көкшетауда Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен өткен жиында әлеуметтік саладағы өзекті мәселелер талқыланды. Нақтырақ айтсақ, білім беру, денсаулық сақтау, туризм және халықты әлеуметтік қорғау жүйесін дамытуға қатысты сұрақтар көтерілген. Кеңес отырысына облыс әкімі, әлеуметтік сала вице-министрлері, орталық мемлекеттік органдар мен өңірдегі әлеуметтік сала басшылары қатысты. 

Алқалы жиынға қатысушылар алдымен білім беру саласын талқылады. Өңірде соңғы 3 жылда 26 мектеп ашылды. Оның 9-ы «Келешек мектеп» жобасы аясында бой көтерді. Нәтижесінде облыста үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептің мәселесі түбегейлі шешілді. Аймақтағы денсаулық сақтау жүйесінде де оң өзгерістер байқалады. Мәселен, былтыр облыстағы бала өлімі 36 пайызға, туберкулезден болатын өлім-жітім де 29 пайызға дейін азайды. Кеңес отырысында әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту саласында атаулы әлеуметтік көмектің тиімділігі жеке қаралды. Яғни кадрлық есептілікті бұрмалау, екі жерде жұмыс істеу мәселелері айтылды. Қазір өңірдегі бірыңғай цифрлық платформаға 727 ұйым енгізілген. Кеңес қорытындысы бойынша Аида Балаева бірқатар тапсырма берді. Яғни білім беру саласы бойынша жеке жоспар әзірлеу және денсаулық сақтау саласындағы бақылауды күшейтуді жүктеді. Ал әлеуметтік саладағы, қосарланған қаржыландырудың алдын алу керектегін ескертті.